Қазақстан Украинамен арадағы сауда ісіне алаңдаушылық білдірді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Украинаға Қазақстаннан жеткізілетін подшипник пен минералды тыңайтқыш бойынша жергілікті билік демпингке қарсы тергеу және арнайы қорғау шараларын қабылдауы мүмкін. Қазақстан осыған орай алаңдаушылық білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

ҚР Сауда және интеграция вице-министрі Жанель Кушукова Украинаның Экономика, сауда және ауыл шаруашылығы министрінің орынбасары – Сауда өкілі Тарас Качканың жетекшілігімен келген Украина делегациясымен сауда шаралары мәселелері бойынша кездесті.

«Кездесуде Жанель Кушукова Украинаның қазақстандық подшипниктері мен минералды тыңайтқыштарды өндіруші кәсіпорындарға қатысты қорғау шараларын қабылдауы мүмкіндігі жөнінде алаңдаушылық білдірді.

Қазіргі уақытта Украина тарапы Қазақстан жасап жеткізетін подшипниктерге демпингке қарсы тергеп-тексеру және минералды тыңайтқыштарға қатысты арнайы қорғау тергеп-тексеру жүргізуде», делінген хабарламада.

«Қазақстан тарапы Украина билігі жүргізіп жатқан қорғау тергеп-тексерулеріне алаңдаушылық білдіреді. Украина нарығы қазақстандық тербермелі мойынтіректер мен минералды тыңайтқыштарды өндірушілер үшін дәстүрлі болып табылады және оларды Қазақстаннан жеткізуге қатысты кедергілерді белгілеу қазақстандық өндірушілердің экономикалық жағдайын айтарлықтай қиындатуы мүмкін», – деді Жанель Кушукова.

Өз кезегінде, Украина тарапы Еуразиялық экономикалық комиссия жүргізетін демпингке қарсы тергеп-тексерулер туралы және ЕАЭО елдері Украинадан шыққан тауарларға қатысты қолданатын сауда шаралары туралы мәселелерді көтерді.

Кездесу аясында тараптар 2020 жылғы 8-11 маусымда Нұр-Сұлтан қаласында өтетін ДСҰ-ның алдағы 12-ші министрлік конференциясының кейбір мәселелері бойынша пікір алмасты, онда Украина тарапы бизнеспен бірлесіп ДСҰ күн тәртібінде тұрған өзекті мәселелерді қарауға қатысуды жоспарлап отыр.

Тараптар бұдан басқа екіжақты үкіметаралық комиссия өткізу мүмкіндігін, сондай-ақ екіжақты сауданы одан әрі дамыту мәселелерін талқылады.

Айта кетерлігі, Қазақстанда тербермелі мойынтіректерді «ЕПК Степногорск» АҚ ғана өндіреді. Кәсіпорын былтыр Украина темір жолдарына подшипниктер жеткізуге тендер ұтып алды. Украинаға тербермелі мойынтіректердің орташа жылдық импорты 2,1 мың тонна. Ал, Қазақстанда минералды тыңайтқыштарды өндіруші екі кәсіпорын бар: «Қазфосфат» ЖШС және «ҚазАзот» АҚ. Екі кәсіпорын да жылына орта есеппен Украина нарығына 113 мың тонна минералдық тыңайтқыш жеткізеді.

Соңғы жаңалықтар