Қазақстан Ұлттық қауіпсіздік стратегиясын қайта қараған алғашқы елдердің қатарында – сарапшы

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстан Ұлттық қауіпсіздік стратегиясын қайта қараған алғашқы елдердің қатарында. Бұл пікірді ҚР Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институты директорының орынбасары Санат Көшкімбаев білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.


«Бүгін қабылданған құжат – Қазақстан Республикасының 2021-2025 жылдарға арналған Ұлттық қауіпсіздік стратегиясы – Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен өткен Қауіпсіздік Кеңесінің отырысында бекітілді. Әрине, Стратегия қазір әлемде болып жатқан өзгерістерді көрсетеді. Бұл биологиялық қауіпсіздікке байланысты және қазіргі коронавирус пандемиясымен күресу ғана емес, экономикалық, технологиялық қауіпсіздік мәселелері де бар. Біз пандемияның экономикалық жағдайға, халықаралық саудаға қалай әсер еткенін көріп отырмыз. Мұның бәрі – өте маңызды аспектілер. Қазақстан экономикасы үшін осындай сын-қатерлер мен қауіптерді тоқтатуға дайын болуымыз керек. Қазір де барлық елдер өздерінің қауіпсіздік стратегияларын қайта қарастырып жатыр және Қазақстан әлемде болып жатқан жағдайларға үн қата отырып, алғашқылардың қатарында болды», - дейді С. Көшкімбаев.

Сарапшы Стратегияда алдағы 5 жылға экономика мен халықаралық қатынастардағы өзгерістер бойынша болжам берілетінін атап өтті. Бұл құжат мемлекеттік басқарудың барлық жүйесін және бүкіл қоғамды түрлі дағдарыстық құбылыстардың алдын алуға және тоқтатуға бағыттайды. Стратегия «жеке тұлғаның қауіпсіздігі - қоғамның қауіпсіздігі - мемлекеттің қауіпсіздігі» үштағанын қамтиды және ол мемлекеттік органдардың сараптамалық пікірлері мен ұсыныстарын ескере отырып, мұқият пысықталған құжат. Тұтастай алғанда, Стратегия «халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидаттарымен, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жүргізіп отырған саясатпен сәйкес келеді және экономиканың тұрақтылығын арттыруға, оның шикізаттық бағдарынан алшақтауға, бәсекеге қабілетін арттыруға, ақпараттық-коммуникациялық саланы дамытуға бағытталған.

Сонымен бірге С.Көшкімбаев азық-түлік қауіпсіздігі экономикалық қауіпсіздіктің негізі екенін жән ауыл шаруашылығы секторын дамытуға және тұрақтылығын арттыруға баса назар аударылуы тиіс екенін атап өтті.

«Қазақстан үшін су қауіпсіздігі мәселесі де өте өзекті және ол халықаралық қатынастармен тығыз байланысты, өйткені елдегі судың көп бөлігі көрші елдер аумағында қалыптасады. Сондықтан көршілермен, ең алдымен Ресеймен және Қытаймен қарым-қатынас орнату өте маңызды. Жалпы алғанда жақын арада халықаралық қатынастар жүйесі турбуленттікке ұшырайды деп күтілуде, бұл көбінесе халықаралық аренадағы жаһандық ойыншылардың қайшылықтарына байланысты. Мұндай жағдайларда Қазақстанға сыртқы саясатта уақыт сынынан өткен көпвекторлыққа негізделген және ұлттық мүдделерді қорғау мен ілгерілетуге тиімді нақты бағдарлар болуы қажет», - дейді Санат Көшкімбаев.

Айта кетейік, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан Республикасының 2021-2025 жылдарға арналған Ұлттық қауіпсіздік стратегиясын бекіту туралы» Жарлыққа қол қойды.


Соңғы жаңалықтар