Қазақстан жемқорлықпен күреске ерекше мән беріп отыр – Ауғанстан Елшілігінің сенімді өкілі

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елімізде соңғы жылдары сыбайлас жемқорлықпен күрес жұмысына ерекше мән беріліп, соның нәтижесінде нақты шаралар жүзеге асып жатыр. Солардың бірі халықаралық тәжірибе алмасу. Осы орайда Ауғанстан Ислам Республикасының Қазақстандағы Елшілігінің уақытша сенімді өкілі Омар Азизуллах біздегі және өз еліндегі жемқорлықпен күрес жұмыстарына қатысты ойымен бөлісті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бүгін ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің тікелей эфирінде «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл шеңберіндегі халықаралық ынтымақтастықтың мәселелері» талқыланды. Эфир қонағы Ауғанстан Ислам Республикасының Қазақстандағы Елшілігінің уақытша сенімді өкілі Омар Азизуллах болды.

«Алдымен Қазақстанды сыбайлас жемқорлықпен күрес рейтингінде 38 балмен 180 елдің ішінде 94-ші орынға тұрақтауының маңызы жоғары. Бұл жемқорлықпен күрес саясатында айтулы жетістік және Қазақстанның саяси сенімділігін көрсетіп отыр. Менде Қазақстанның сыбайлас жемқорлықпен күрес стратегиясымен танысудың мүмкіндігі болды. Аталған стратегия Қазақстанның жемқорлықпен күрес жұмысын іштей жүргізіп ғана қоймай, парақорлықпен күресте халықаралық рейтингіде де белсенді ел екенін дәлелдеп көрсетті», - деді Омар Азизуллах онлайн өткен баспасөз мәслихатында.

Сондай-ақ, ауғанстандық сенімді өкіл Қазақстанның алдағы уақытта сыбайлас жемқорлықпен күресте үлкен жетістіктерге жететініне сенімді екенін айтты.

«Ауғанстанда соңғы уақытта сыбайлас жемқорлықпен күрес саясаты қайта қаралды. Шамамен 70 беттен тұратын жаңа стратегияны әзірлеуге мен де қатыстым. Қазіргі стратегия ашықтықты көздейді. Ауғанстанда жемқорлықпен күресте арнайы комиссия құрылды, оның президенттің бірінші орынбасары тікелей басқарады. Және ол комиссия ерекше жүйемен жұмыс істейді. Одан бөлек, біздің елде барлық мемлекеттік органдар және халықтың қатысуымен пара алу және берумен күресуге арналған бағдарлама әзірленді. Соның бірі «Таңғы алты жарым» деп аталады, оны жүзеге асыруға Әділет министрлігі, Бас прокуратура және мемлекеттік қауіпсіздік қызметі қатысуда. Аталған бағдарламаның нәтижесі күн сайын әлеуметтік желі арқылы халыққа жария етіледі. Ең бастысы халықаралық ұйымдардың бағалауынша, осы бағдарлама жақсы нәтиже беріп, сыбайлас жемқорлық деңгейін төмендетеді», - дейді ол.


Соңғы жаңалықтар