Қазақстан жолдарында интеллектуалды жүргіншілер жолы мен 3D жол белгілері пайда болады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстан жолдарында интеллектуалды жаяу жүргіншілер жолы, интерактивті және 3D форматтағы жол белгілері пилоттық режимде енгізіледі. Бұл туралы ҚР Ішкі істер министрлігі айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Ішкі істер министрлігінде Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің, «Қазавтожол» ұлттық компаниясының, еліміздің бірқатар салалық жоғары оқу орындарының өкілдерімен жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша ведомствоаралық семинар-кеңес өтті. Автомобиль жолдарының қауіпсіздігін арттыру мақсатында ІІМ мамандары шетелдік озық тәжірибені зерттеп, Алматы, Жамбыл және Шығыс Қазақстан облыстарының жолдарында пилоттық жобаны іске қосуды ұсынды», - деді ҚР ІІМ ресми өкілі Нұрділдә Ораз онлайн брифингіде.

Оның айтуынша, озық техникалық шешімдер шынайы өмірде тестіленіп, қазақстандық жолдардың ерекшеліктеріне бейімделеді. Олардың ішінде – проекциялық және интеллектуалды жаяу жүргіншілер жолы, баламалы жол белгілері, соның ішінде көлемді 3D формат, интерактивті жол белгілері және т.б. бар.

«Ішкі істер органдарының статистикасы бойынша, жыл басынан бері 3 айда республикада 2 621 жол-көлік оқиғасы болды, онда 363 адам қаза тауып, 3 605 адам жарақат алды. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда қаза болғандар саны 11,7%-ға өскен. Жол-көлік оқиғаларының басты себептері – жылдамдықты асыру, қарсы жолаққа шығу және жол қиылыстарынан өту кезіндегі жүргізушілердің ереже бұзуы болып отыр», - деді ресми өкіл.


Соңғы жаңалықтар