Қазақстанда 500 мыңға жуық адам мекенжайға онлайн тіркеуге тұрған

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстандықтар мекенжай бойынша тұрақты тіркеуге тұру үшін ХҚО-ның онлайн баламасы – egov.kz таңдай бастады, деп хабарлайды ҚазАқпарат «Азаматтарға арналған үкімет» корпорациясына сілтеме жасап.

Былтырғы көрсеткіштерді есепке алсақ, ХҚО арқылы 1,5 млн адам, онлайн түрде 479 мың адам тіркеуге тұрған, сәйкесінше әрбір төртінші азамат тұрғылықты тіркеу рәсімін электронды түрде жүргізген.

Аймақтар бойынша қарайтын болсақ, мекенжайға тіркеуге онлайн тұрушылар үлесі Нұр-Сұлтан қаласында көп – 91 мың адам, одан кейін Қарағанды (39 мың) мен Павлодар (23 мың) облыстары. Бұл ретте ең төменгі көрсеткіш Атырау облысына тиесілі (6 мың адам).

«Электронды жаңашылдықтарды құп көретін азаматтардың саны өскені қуантады. Онлайн тіркеуге тұру – уақытты үнемдеп қана қоймай, «прописканы» сататын делдалдардың жұмысына да тосқауыл болады», – дейді «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының басқарма төрайымы Әсемгүл Балташева.

Биылғы қаңтар айындағы көрсеткіш бойынша онлайн мекенжей тіркеуіне тұрушылар саны біршама өскен. Бұл қызметті алу үшін 184 мың адам ХҚО-ға жүгінсе, 63 мың азамат ешқайда бармай-ақ онлайн жүзеге асырған.

Бүгінде мекенжай тіркеуін жасату үшін тіркеуге қоюшы және тіркелуші тараптың ЭЦҚ-сы болуы тиіс. Азамат egov.kz-ке тіркелетін мекенжай мен жеке мәліметтерін жазса, баспана иесі оған рұқсатты жеке кабинетіне келген сұрауды мақұлдау арқылы береді.


Соңғы жаңалықтар