+7 (701) 759 90 19
USD 414.46 EUR 451.35
RUB 5.77 CNY 58.12
Jańalyqtar

Қазақстанда 720 мың тонна әлеуметтік маңызды азық-түлік қоры бар

2020 жылғы 18 мамыр 19:40
Бөлісіңіз:
Қазақстанда 720 мың тонна әлеуметтік маңызды азық-түлік қоры бар

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Төтенше жағдай жөніндегі мемлекеттік комиссияның қорытынды отырысында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қазіргі жағдай келесі мәселелерді нақтылап бергенін атап өтті: азық-түлік қауіпсіздігі — тұтас бір мемлекеттің қауіпсіздігінің басты элементі. Бүгінде еліміздің аграршыларына барынша қолдау көрсетіліп жатыр. Төтенше жағдай кезеңінде әлеуметтік маңызы бар тауарлардың қажетті тізімі бекітілді, олар бойынша баға мемлекеттік деңгейде реттеледі. Азық-түлік қорының жеткілікті болуын қамтамасыз етіп, оларды дүкен сөрелеріне дейін жеткізу тетіктерін пысықтау және бағаны қатаң бақылау қажет, алыпсатарлыққа жол беруге болмайды, деп хабарлайды primeminister.kz сайты.

Төтенше жағдай кезеңінде еліміздің кәсіпорындары тұрақты жұмыс істеді, өндірілген өнім сауда нүктелеріне еш кедергісіз жеткізілді, бұған дүкен сөрелерінде азық-түліктің жеткілікті көлемде және алуан түрінің болуы дәлел бола алады.


Коронавирус індетінің таралуына байланысты туындаған дағдарыс, төтенше жағдайдың және көптеген елдерде карантиннің енгізілуі шекаралардың жабылып, жолға қойылған сауда-саттық байланыстарының бұзылуына әкелді, бұл барлық елдердің дерлік экономикасына кері әсерін тигізді. Бұл жағдай әсіресе, негізгі азық-түлік өнімдерінің импортына тәуелді елдерде теріс ықпалын көрсетті.

Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, Қазақстан өз өндірісі есебінен негізгі азық-түлік өнімдерімен өзін толық қамтамасыз етіп отыр. Мәселен, ведомство күнделікті пайдаланылатын азық-түлік тауарларының 29 түрінің өндірісіне, импортына, экспорты мен тұтынуға есеп жүргізіледі (ҚР ҰЭМ Статистика комитетінің және ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитетінің статистикалық мәліметтерінің негізінде).


Осы мәліметтерге сәйкес, 2019 жылы көрсетілген 29 азық-түлік тауарынан 23-і бойынша отандық өндіріс еебінен қамтамасыз етілу 80% және одан астамды құрады, ал кейбір тауар түрлері бойынша 100% асты.

Тек 6 тауар мұнда кірмеді: алма (62,9%), балық (60,8%), шұжық өнімдері (62,0%), сыр және ірімшік (57,0%), қант (46,6%), құс еті (58,3%), аталған өнімдер бойынша әзірге импортқа тәуелділік бар.

Атап айтқанда, құс еті, сыр, ірімшік, қант, алма және шұжық өнімдері бойынша импортты алмастыру жұмыстары жүргізілетін болады. Ұзақ мерзімдік салалық бағдарламалар әзірленді.

Сонымен қатар, 2019-2021 жылдарға арналған Тамақ және өңдеу өнеркәсібін дамыту жөніндегі жол картасы жүзеге асырылып жатыр, онда шикізаттық базаны дамыту, оның ішінде сүт, ет, қант қызылшасын, көкөністер мен жемістерді өңдеу, құс шаруашылығы қарастырылған.


Сонымен қатар «Амал био» және «Дала-фрут» компаниялары мысалында Алма өндірісін дамыту жөніндегі жол картасы іске асырылуда.

Импорт алмастыру бойынша іс-шаралар аясында 2020 жылы қуаты 105 мың тонна 25 сүт-тауарлық ферма, 3 ет комбинаты, қуаты 73 мың тонна болатын 8 құс фабрикасы салынады, 2000 га жерге бақ егу жоспарланған, Жамбыл және Павлодар облыстарында жалпы қуаты жылына 200 мың тонна қант болатын 2 қант зауытының құрылысы басталды, жұмыс істеп тұрған үш қант зауытын жаңғырту жоспарланған.

Сонымен қоса, суармалы жерлер кеңейтіледі, оның ішінде: мал азығы егілетін жерлер 45 мың га дейін, көкөніс егілетін жерлер 15 мың га дейін, сондай-ақ әртараптандыру бойынша майлы, бұршақ, техникалық дақылдар тәрізді өнімділігі жоғары дақылдарды егу алқаптары ұлғайтылады. Бұл 2024 жылға қарай ішкі нарықты осындай азық-түлік тауарларымен толық көлемде, ал қантпен 40% көлемінде молықтыруды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Қазақстанда мал шаруашылығын дамытуда жеткілікті өсу қамтамасыз етілуде

Қазір өндіріс көлемін ұлғайтуға ғана емес, мал шаруашылығының тиімділігі мен өнімділігі деңгейін арттыруға да көбірек көңіл бөлінуде.

Ет өндірісі 3,7% артып, 149,4 мың тоннаны құрады (оның ішінде сиыр еті 62,2 мың тонна, қой еті 15,5 мың тонна, шошқа еті 15,1 мың тонна, жылқы еті 15,9 мың тонна, құс еті 38,2 мың тонна), тауарлық сиыр сүті 4,0% артып, 334,9 мың тоннаға дейін жетті.


ҚР Ұлттық экономика министрлігінің Статистика комитетінің мәліметтері бойынша 2020 жылдың қаңтар-наурыз айларында 2019 жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда шұжық өнімдерін өндіру көлемі 21,1%, ет және ет-өсімдік консервілерін өндіру 1,7%, өңделген балық өндірісі 2 есе, консервіленген балық өндіру 62,1%, өңделген сүт 3,7%, ақ май 14,5%, ашытылған сүт өнімдерін өндіру 6,4%, қатты сыр өндіру 9,9%, құрғақ сүт өндіру 30,7% артқан.

Дайын өнім қорымен бірнеше аптадан бірнеше айға дейін қамтуға болады

Өңірлердің шұғыл мәліметтері бойынша 2020 жылдың 4 мамырына елімізде жалпы 857 мың тонна көлемінде түрлі азық-түлік тауарларының қоры бар, оның ішінде тұрақтандыру қорларында – 47,1 мың тонна, өндіруші кәсіпорындарда – 284,1 мың тонна, қоймаларда – 172,8 мың тонна, сауда желілерінде – 351,1 мың тонна.

Сонымен қатар 351 млн дана жұмыртқа, 3,8 млн тонна азық-түлік бидайы бар. Елімізде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының қорының жалпы көлемі 719,4 мың тонна, оның ішінде ұн – 147,7 мың тонна, картоп – 121,5 мың тонна, күріш – 98,7 мың тонна, макарон – 17,6 мың тонна және т.б.


Нақты тұтыну бойынша дайын өнімдердің қолдар бар қорымен қамтамасыз етілу өнімдердің алуан түрлері бойынша бірнеше аптадан бірнеше айға дейін қамтиды. Бұл ретте азық-түлік өнімдерін өндіру үшін шикізат пен материал да, сондай-ақ өндіруші кәсіпорындардың қуаты да жеткілікті, барлық кәсіпорындар жұмыс істейді және өнім өндіреді. Сонымен қатар өнімдердің бір бөлігі шетелдерден жеткізіледі, бірақ, ол тұрғындарды азық-түлік тауарларымен қамтамасыз етуде шешуші рөл атқармайтын аз ғана бөлігі. Осылайша, азық-түлік тауарларының қоры үнемі толықтырылып отырады және өнімдердің тапшылығы болмайды.

Бағаға келсек, дағдарыс пен дүрбелең жағдайларында әрдайым азық-түлік өнімдерінің бағасының көтерілуі орын алады. Бұл ретте, егер бағаның бұлайша өсуі бір жағынан объективті факторларға байланысты болса, екінші жағынан көбіне-көп баға негізсіз өседі. Осыған байланысты, төтенше жағдай кезеңінде бағаның негізсіз өсуіне жол бермеу мақсатында Сауда және интеграция министрлігінің, Ауыл шаруашылығы министрлігінің және Ұлттық экономика министрлігінің бірлескен бұйрығымен негізгі азық-түлік тауарларының 9 түріне шекті баға бекітілді.


Экспортқа тыйым салу және тұтынудағы жоғары сұраныс

ҚР статистика органдарының мәліметінше, 2020 жылғы қаңтар айында АӨК өнімінің экспорты 219,1 млн долларды құрады, бұл 2019 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 66,2% аз (330,9 млн доллар). Алайда, АӨК қайта өңделген өнімінің экспорты 2020 жылғы қаңтар айында 7,6%-ға артып, 94,6 млн доллар (2019 жылғы қаңтарда – 87,9 млн доллар) құрады.

2020 жылғы қаңтарда көп экспортталған АӨК өнімдерінің тобына: АӨК өнімі экспортының жалпы көлемінің 17,9% — бидай және меслин, 12,5% — арпа, 11,9% — ұн, 9,2% — мақта талшығы, 8,5% — зығыр тұқымы, 7,6% — өсімдік майы, 3,6% — күнбағыс дәні, 1,8% — жасымық, 1,6% — балықтың жон еті (мұздатылған) кіреді.


Сондай-ақ республика үшін әлеуметтік маңызы жоғары азық-түлік тауарларының кейбір түрлеріне тыйым салынды. Тізімге енгізу үшін мынадай белгілер ескерілді: ішкі және сыртқы нарықтардағы жоғары сұраныс (ұн, бидай, күнбағыс майы), ішкі нарықтағы импорттың жоғары үлесі (қант), өндірістің маусымдылығына байланысты ішкі нарықта жеткіліксіз болуы (қарақұмық, картоп).

Қазақстан Республикасының аумағынан шығаруға тыйым салынған тауарлар тізбесі:

Қант — отандық өндіріс көлемінің жеткіліксіздігі, ішкі нарықта қант импортының жоғары үлесі;

Қарақұмық, қарақұмық жармасы, картоп және пияз — ішкі және сыртқы нарықтардағы жоғары сұраныс, қарақұмық жармасы мен шикізаты экспортының жоғары үлесі, маусымаралық кезеңде көлемінің жеткіліксіздігі;

Тазартылған күнбағыс майы мен күнбағыс дәні — шикізатқа және май тұқымына ішкі және сыртқы нарықтарда жоғары сұраныстың болуына байланысты қамтамасыз етілуін азайту тәуекелі.

Қазақстан Республикасының аумағынан әкетуге қатысты сандық шектеулер енгізілетін тауарлардың тізбесі (квоталар):

Ұн мен бидай — ішкі және сыртқы нарықтардағы жоғары сұраныс.

Сондай-ақ бұған дейін Қазақстаннан әкетуге тыйым салынған тазартылмаған күнбағыс майы және тұқымдық картоп сандық шектеулер (экспортқа арналған квоталар) белгіленген тауарлар тізбесіне енгізілген.

Ауыл шаруашылығы дақылдарын себу

Биылғы 6 мамырдағы жағдай бойынша республиканың 13 өңірінде (Ақмола, Ақтөбе, Алматы, Атырау, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Қызылорда, Павлодар, Солтүстік Қазақстан және Түркістан облыстары) тұқым себу алдындағы жұмыстар жүргізіліп жатыр.


Қазіргі таңда ылғал жабу 16,3 млн га немесе жоспардың 108% (15 млн га), топырақты тұқым себу алдында өңдеу — 2,9 млн га немесе 41% (7 млн га) жүзеге асырылды.

Ауыл шаруашылығы дақылдарын егу 12 облыста (Ақтөбе, Алматы, Атырау, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қызылорда, Маңғыстау, Қостанай, Павлодар, Түркістан облыстары) қолға алынған.


Атап айтқанда, дәнді және дәнді-бұршақты дақылдар 907 мың га немесе жоспарланған жердің 6,2%, майлы дақылдар – 382 мың га (12,6%), көкөніс-бақша дақылдары мен картоп – 199 мың га (44,5%), қант қызылшасы – 17,4 мың га (83,3%), мақта – 54 мың га (45,2%), көпжылдық шөптер – 170 мың га (54,7%) жерге егілді.

Көктемгі-егіс жұмыстары қалыпты режимде жүргізіледі, бұл ретте осы жылдың егіс жұмыстарының қарқыны өткен жылдың қарқынынан жоғары.


Шаруаларды қолдау, салықтан босату

Үкімет Қаулыларымен мынадай қолдау шаралары көзделген:

2020 жылғы 31 желтоқсанға дейін ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілер ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерге жер салығынан босатылды;

барлық салықтар бойынша 2020 жылғы 15 тамызға дейінгі мерзімге орындалмаған салық міндеттемелері бойынша өсімпұл есептеу тоқтатылды және салық есептілігін тапсыру мерзімі 2020 жылдың 3-тоқсанына ауыстырылды;

ҚҚС есепке алу әдісімен төленетін импортталатын тауарлар тізбесіне ірі қара мал және асыл тұқымды балапандар енгізілген;

2020 жылғы 1 қазанға дейін әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бойынша ҚҚС мөлшерлемесі 8% көлемінде белгіленген.


Сондай-ақ барлық шағын, орта, микробизнес субъектілері үшін:

2020 жылғы 1 маусымға дейін салықтар мен әлеуметтік төлемдерді төлеу мерзімі ұзартылды;

2020 жылғы 1 маусымға дейін салық және кеден берешегін мәжбүрлеп өндіріп алудың барлық шарасы тоқтатылды.

Бұдан өзге, шағын және микро бизнес субъектілері үш жылға табыс салығын төлеуден босатылған.


Біздің каналымызға жазылыңыз:

Бөлісіңіз:
Загрузка...
Пікір қалдыру
+7
Жіберу
Сондай-ақ... оқыңыз
Загрузка...
ONLAIN QYZMETKERLER
REDAKTOR
Кожакелдиев Е.
Кожакелдиев Е.
954-059
REDAKTOR
Гүлмира Алякпарова
Гүлмира Алякпарова
954-059
REDAKTOR
Жарылқасын Саягүл
Жарылқасын Саягүл
954-059

MURAǴAT