+7 (701) 759 90 19
USD 425.85 EUR 499.78
RUB 5.82 CNY 65.87
Jańalyqtar

Қазақстанда 75 мың талапкер білім грантынан үміткер

2021 жылғы 27 шілде 17:38
Бөлісіңіз:
Қазақстанда 75 мың талапкер білім грантынан үміткер

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - 75 мың талапкер білім грантын тағайындау конкурсына қатысуға өтініш берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат Білім және ғылым министрлігіне сілтеме жасап.

Ұқсас жаңалықтар
Ералы Тоғжанов медицина кадрларын даярлауға гранттар саны көбейту бойынша тапсырма берді

Құжат қабылдау 16-26 шілде аралығында жүзеге асырылды. Б айқау нәтижесі 15 тамызға дейін жарияланады.

Үміткерлер арасында 7054 «Алтын белгі» иегері, 576 халықаралық және республикалық олимпиадалардың жеңімпаздары, сондай-ақ патриоттық сезімі мен белсенді азаматтық ұстанымы үшін үздік белгісімен марапатталған 705 бала бар.

Балл тең болған жағдайда олар басым құқыққа ие болады.

«Сонымен қатар биыл БҒМ алғаш рет халықтың әлеуметтік осал топтарынан шыққан балаларға квота бөлді. Енді жетім балалар, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, төрт және одан да көп кәмелетке толмаған балаларды тәрбиелеп отырған отбасылардан шыққан балалар, толық емес отбасылардан шыққан балалар, ерекше қажеттіліктері бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасылардан шыққан балалар, жеңілдіктер мен кепілдіктер бойынша Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектеріне теңестірілген адамдар үшін жоғары оқу орындарына түсу мүмкіндігі артты. Оларға арнайы гранттар бөлінген. Кәмелетке толмаған төрт және одан көп бала тәрбиелеп отырған отбасылардағы балалар үшін гранттардың жалпы санының 5%-ы, кемінде үш жыл толық емес отбасы мәртебесі бар отбасылардан шыққан балаларға – 1%, І, ІІ топтағы мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған отбасылардан шыққан түлектерге білім беру гранттарының 1%-ы көзделген», – деп атап өтті ҚР БҒМ Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім департаментінің директоры Әділет Тойбаев.

Сондай-ақ ауыл жастары арасынан шыққан азаматтар үшін ауылдардың әлеуметтік-экономикалық дамуын айқындайтын мамандықтарға және ҚР азаматы емес, ұлты қазақ адамдарға квота қарастырылған.

Биыл 145 мыңнан астам талапкер Ұлттық бірыңғай тестілеуден өтті. ҰБТ қорытындысы бойынша шекті балды 88 мыңнан астам адам жинады. Бұл – қатысушылардың жалпы санының шамамен 60%-ы.

Биыл орташа балл - 69. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 5 балға жоғары.

ҰБТ қорытындысы бойынша кемінде 65 балл жинаған талапкерлер ұлттық жоғары оқу орындарында грантқа үміткер бола алатынын айта кетейік.

«Педагогикалық ғылымдар» бағыты бойынша кемінде 75 балл, «Денсаулық сақтау» − кемінде 70 балл, «Ауыл шаруашылығы және биоресурстар», «Ветеринария» – кемінде 60 балл, басқа жоғары оқу орындарына оқуға түсу үшін кемінде 50 балл қажет.

Гранттар тағайындау жөніндегі шешімді Республикалық конкурстық комиссия қабылдайды. Конкурстық комиссияның отырысы 10 тамызға дейін өтеді.

Комиссия құрамына мемлекеттік органдардың, қоғамдық ұйымдардың өкілдері, журналистер, «Қазақстан студенттері Альянсының» және «Отандастар» қорының өкілдері кірді.


Біздің каналымызға жазылыңыз:

Бөлісіңіз:
Ұқсас жаңалықтар
Сондай-ақ... оқыңыз
Пікір қалдыру
+7
Жіберу
ONLAIN QYZMETKERLER

MURAǴAT