Қазақстанда адам саудасына байланысты қылмыс азайып келеді – Тастемір Әбішев

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстанда 2018-2020 жылдары аралығында адам саудасына қатысты 1 100-ге жуық қылмыс тіркелді. Бұл туралы ҚР Президенті жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссия хатшысы Тастемір Әбішев айтты.

«Адам құқықтарын бұзудың ең жаман түрінің бірі – адам саудасы. Өздеріңіз білетіндей, табыс табу жағынан адам саудасы заңсыз бизнестің ішінде үшінші орында тұр. Біріншісі - заңсыз қару-жарақ сату, екіншісі - заңсыз есірткі саудасы. БҰҰ Көші-қон комитетінің есебіне сәйкес, адам саудасымен айналысатындар жыл сайын 150 млрд доллардан астам табыс табады екен. Қазақстанда да адам саудасының алдын алу және олармен күрес жолдарын жетілдіру үшін, сонымен қатар адам саудасы құрбандарына атаулы әлеуметтік көмек көрсетуді жақсарту үшін ҚР Президенті жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссия мемлекеттік органдармен, дағдарыс орталықтарымен, мемлекеттік емес ұйымдармен бірлесіп, арнаулы баяндама дайындады. Бұл баяндама негізінен Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2020 жылғы 1 қыркүйектегі Жолдауында және 2020 жылғы 22 қазандағы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің отырысында берген тапсырмаларын орындау үшін әзірленді», - деді ол аталған комиссия отырысы алдында БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында.

Оның айтуынша, елімізде адам саудасы құрбандарына 2016 жылдан бастап атаулы әлеуметтік көмек көрсетіледі. Бірақ, ол көмек тек Қазақстан азаматтарына, елімізді тұрғылықты тұрып жатқан шетелдік азаматтарға, қандастарға және азаматтығы жоқ адамдарға ғана беріледі. Ал елімізге бірнеше айға уақытша келген еңбекші мигранттар адам саудасының құрбаны болған жағдайда ешқандай атаулы көмек ала алмайды.

«Бұл, әрине, халықаралық стандарттарға сай келмейді. Қазақстан 2008 жылы Полермо хаттамасын ратификациялаған. Сол Полермо хаттамасына сәйкес, оған қатысушы әрбір мемлекет елінде тұрып жатқан өзінің азаматтарына, уақытша немесе тұрғылықты тұрып жатқан шетелдік азаматтарға мүмкіндігінше арнаулы әлеуметтік көмек көрсетуі қажет. Статистика бойынша 2018, 2019 және 2020 жылдары адам саудасына байланысты 1 100-ге қылмыс тіркелген. Дегенмен, мұндай қылмыс жылдан жылға аз тіркеле бастады. Аталған қылмыстарға байланысты 242 адам сотталды. Бұл да төмендеп келеді», - деді Тастемір Әбішев.


Соңғы жаңалықтар