Қазақстанда әлеуметтік кәсіпкерлер тізімі құрылады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстанда әлеуметтік кәсіпкерлер тізімі мен картасы құрылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бұл бастама Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауындағы тапсырмамен үндес.

Аталған тізім Қазақстандағы әлеуметтік кәсіпкерліктің даму деңгейін бағалауға, елдегі әлеуметтік кәсіпкерлікті дамыту картасын әзірлеуге, үкіметтік емес сектор мен кәсіпкерліктің қызметін жандандыруға және республика бойынша деректерді жүйелеуге мүмкіндік береді.

Тізімді ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» КЕАҚ және «Act for Impact» (Impact Hub Almaty) корпоративтік қоры бірлесіп әзірлейді.

«Қазіргі уақытта әлеуметтік кәсіпкерлерді тіркеу бойынша белсенді жұмыс жүріп жатыр. Әлеуметтік кәсіпкерлердің әдеттегі ҮЕҰ-дан немесе бизнестен айырмашылығы – әлеуметтік кәсіпкерліктің негізінде әлеуметтік миссия жатыр. Әлеуметтік кәсіпкерлер тізіміне ену үшін https://forms.gle/kKozBAoHEjUG349H6 арнайы парақшасы арқылы сауалнамадан өтіп, сілтеме бойынша тіркелу қажет», - делінген ұйымдастырушылардың хабарламасында.

Бүгінгі таңда бейресми есеп бойынша Қазақстанда шамамен 200 әлеуметтік кәсіпорын жұмыс істейді. «Ozgeris Ustasy» сыйлығына келіп түскен өтінім нәтижесіне сәйкес, ұйымдардың 60%-ға жуығы мүмкіндігі шектеулі адамдарды жұмысқа орналастыру және әлеуметтік бейімдеу, жалпы әлеуметтік осал топтарды қолдау мәселелерін шешеді. Сондай-ақ, білім сапасы мен қолжетімділігі (16,3%) және экология (9,3%) мәселелері де өзекті болып отыр.

Айта кетейік, Қазақстанда әлеуметтік кәсіпкерлікті дамытуға үлес қосқандар арасында «Ózgerіs ustasy» І республикалық байқауы өтеді. Бұл марапат әлеуметтік кәсіпкерлікпен айналысатын үкіметтік емес ұйымдарға және Қазақстандағы әлеуметтік кәсіпкерліктің дамуына ықпал еткен халықаралық ұйымдар, корпоративтік бизнес, БАҚ немесе мемлекеттік институттарға беріледі.

Байқауға өтінім беру аяқталып, қоғамдық дауыс беруге 22 қатысушы іріктеліп шықты. Номинанттарға дауыс беру 2019 жылғы 14-30 қазан аралығында voting.ozgeris-ustasy.kz сайтында жүргізілген.

Дауыс беру қорытындысы бойынша 15 үздік әлеуметтік кәсіпкер анықталады. Олар 6 номинация бойынша іріктеліп, 500 000 теңге көлемінде грантқа ие болады. Марапаттау рәсімі 2019 жылдың 15 қарашасында Алматы қаласында өтеді.

Соңғы жаңалықтар