Қазақстанда азаматтардың конституциялық құқықтарын қорғау тетігі едәуір күшейеді – Тоқаев

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстанда Конституцияға енгізілетін түзетулерге орай азаматтардың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын қорғау тетігі едәуір күшейеді.

Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөніндегі кеңес отырысында айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Мемлекет басшысы жиында адам құқықтарын қамтамасыз етуге қатысты түзетулердің маңызы зор екенін айтты.

«Азаматтардың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын қорғау тетігі едәуір күшейеді. Бұл шенеуніктердің өздері қабылдайтын актілердің сапасына деген жауапкершілікті арттырады деп санаймын. Конституциялық деңгейде Адам құқықтары жөніндегі тәуелсіз уәкілдің құзыреттері мен кепілдіктері бекітіледі. Жалпы, әзірленген өзгертулер мен толықтырулар топтамасына Жолдауда айтылған саяси бастамалар мен Конституцияға енгізілуі қажет түзетулерді іске асыруға тиісті нормалар ғана енгізілгенін атап өткен жөн. Басқа да өзекті өзгертулер конституциялық және басқа да заңдар аясында бекітіледі», – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік органдардың сылбыр жұмыс істеуіне жол берілмейтінін тағы да еске салып, соңғы үш жылда еліміздегі және әлемдегі жағдайдың түбегейлі өзгергенін айтты.

«Мемлекеттік аппарат кез келген өзекті мәселеге жедел, дер кезінде назар аударуы керек. Сондықтан Жұмыс тобы ұсынған түзетулер Үкіметке ерекше актілерді қабылдауға мүмкіндік береді. Бұл дағдарыс кезінде жедел әрекет етуді қамтамасыз етеді. Осы орайда, Парламенттің қарқынды жұмыс істегені өте маңызды. Депутаттар қос палатаның бірлескен отырысында заң жобаларын шұғыл қарауы керек. Жалпы, мен Жұмыс тобы дайындаған барлық өзгерістер мен толықтыруларды мақұлдаймын», – деді Мемлекет басшысы.


Соңғы жаңалықтар