Қазақстанда «BEST PAPA» әкелер форумы онлайн өтіп жатыр

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – You Tube желісіндегі En_baqytty_el арнасында «BEST PAPA» республикалық әкелер форумы онлайн өтіп жатыр. Оған ТМД елдері мен Қазақстанның түрлі өңірлерінен қонақтар қатысуда, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Әке болу институтын қолдау және дамыту жөніндегі шаралар кешені» жобасын En baqytty el ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен және «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» КЕАҚ мемлекеттік гранты аясында бірлесіп жүргізеді.

Форумға Қазақстанның белсенді әкелері, әлем чемпиондары, қоғам қайраткерлері, жаттықтырушылар, психологтар, журналистер мен блогерлер, Ресей мен Беларусь әкелер одағының басшылары қатысуда.

«Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен биыл алғаш рет «Әке институтын қолдау және дамыту жөніндегі шаралар кешені» жобасы қолға алынды. Бүгінгі форум да осы жоба аясында өтуде. Жалпы бұл жобаның отбасы институтын дамытудағы маңыздылығын ескере отырып, оны 2021 жылы да жалғастыру жоспарланып отыр. Мықты әрі тату отбасы – мемлекетіміздің өркендеуінің тірегі және негізі. Мемлекет басшысының Жолдауында отбасы институтын әлеуметтік қолдау мен жақсартуға айрықша көңіл бөлінген. Отбасылық-демографиялық ахуалды жақсарту үшін Қазақстанда денсаулық сақтау, білім беру, жұмыспен қамту, тұрғын үймен қамтамасыз ету және кәсіпкерлік саласында мемлекеттік бағдарламалар қабылданып, іске асырылып жатыр», - деді ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Жастар және отбасы істері комитетінің төрағасы Шахмардан Байманов.

Оның айтуынша, отбасы мен балаларға әлеуметтік қолдау көрсету шығындары артып келеді. 2019 жылдан бастап Нұр-сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларында жұмыс істейтін жастар үшін жалдамалы баспана беріледі. 2019 жылы 5 мыңнан астам жас отбасы пәтер алды, ал биыл Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінде жас отбасыларға арналған «Жас отбасы» жаңа бағдарламасы іске қосылды. Сондай-ақ отбасы институтын қолдауға бағытталған арнайы Отбасы банкі құрылуда. «Дипломмен ауылға» жобасы аясында жас отбасылар ауылдық жерлерде жұмысқа орналасуға мүмкіндік алады.

«Барлық жерде «Nur Otan» партиясы жанындағы «Бақытты отбасы» жобасын атқару бойынша кешенді шаралар қабылдануда. Қоғамда баса назар аударып, шешімді қабылдауды талап ететін үрдістер болып жатыр. Ажырасу жағдайларының саны артып, неке қию азаюда. 2017 жылмен салыстырғанда ажырасу 4,3%-ға өсті. Бұл – ойлануға тұрарлық өте үлкен көрсеткіш. Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың жоғары деңгейі де бөлек проблемаға айналды. Институтты нығайту мен қолдау мақсатында министрлік үкіметтік емес ұйымдармен бірлесіп, тұрақты негізде түрлі жобаларды, оның ішінде отбасы мен отбасылық құндылықтарды қолдауға арналған гранттық жобаларды іске асыруда. Атап өткен жөн, биыл «Қазақстан Республикасындағы 2030 жылға дейінгі гендерлік саясат» тұжырымдамасының екінші кезеңін іске асыру басталды. Үкімет осы тұжырымдаманы іске асыру бойынша нақты индикаторлары бар жоспар қабылдады. Президент тапсырмасымен өңірлерде «Жанұя», «Бақытты отбасы» қолдау көрсету орталықтары ұйымдастырылды. Отбасы және әке болу институтын бірлескен күш-жігермен нығайтуымыз қажет. Министрлік осы мәселелерді шешу үшін бар күшін салады», - деді Ш. Байманов.

Соңғы жаңалықтар