Қазақстанда БЖЗҚ-дан ай сайын берілетін зейнетақы төлемдері өседі

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - 2021 жылдың 1 сәуірінен бастап Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан ай сайынғы төлемді есептеуді жүзеге асыру әдістемесі өзгереді. Осы орайда аталған қордың баспасөз қызметі БЖЗҚ-дан зейнетақы төлемдерін жүзеге асыру тәртібіне түсініктеме берді.

БЖЗҚ-дан зейнетақы төлемдері алушының жеке зейнетақы шотындағы жинақтары таусылғанға дейін ҚР Үкіметінің №1042 қаулысына сәйкес есептелген мөлшерде белгіленген кесте бойынша ай сайын жүзеге асырылады.

«Қолданыстағы тәртіпке сәйкес төлемдердің жылдық сомасы жинақталған соманың зейнетке шыққаннан кейін 79 жасқа дейінгі орташа өмір сүру ұзақтығын ескеретін ағымдағы құн коэффициентіне көбейтіндісі ретінде есептеледі. Бұл ретте зейнетақы төлемдерін индекстеу көзделмеген», - делінген БЖЗҚ баспасөз қызметінің мәліметінде.

Бұдан басқа, БЖЗҚ-дан төленетін ай сайынғы төлемдердің мөлшері зейнетақы жинақтарының ағымдағы қалдығының төмендеуін ескере отырып, жыл сайын төмендетіледі. Нәтижесінде, жаңа күнтізбелік жылдағы ай сайынғы төлемдердің мөлшері өткен жылға қарағанда төмен болып қалыптасады.

Төлемдердің ағымдағы тәртібі зиянды еңбек жағдайлары бар жұмыстармен айналысатын қызметкерлердің, сондай-ақ, 1 және 2-топтардағы мерзімсіз мүгедектігі бар адамдардың, яғни осындай санаттағы азаматтардың зейнетке шыққаннан кейінгі өмір сүру ұзақтығындағы қазіргі айырмашылыққа байланысты мүдделерін ескермейді.

«Зейнетақы төлемдерінің мұндай тәртібі 90-жылдардың аяғы мен 2000-жылдардың басында қабылданды және халықаралық тәжірибе мен бүгінгі күннің болмысын ескере отырып, өзектендіруді талап етті.

Өткен 20 жыл ішінде Қазақстанда зейнеткерлік жасқа толғаннан кейінгі өмір сүру ұзақтығы өсіп, сәйкесінше ер адамдар үшін 80 жас және әйелдер үшін 82 жасты құрады. Төлемдердің жаңа тәртібі зейнетақы төлемдері кезеңін алушылардың өмір сүру ұзақтығының орташа кезеңімен сәйкестендіреді, сондай-ақ, БЖЗҚ-дан төленетін зейнетақы төлемдерінің жыл сайынғы қайта есептеуін 5%-ға қамтамасыз етеді», - деп аталып өткен Қор хабарламасында.

Сонымен қатар, еңбек жағдайлары зиянды жұмыстармен айналысатын қызметкерлер, 1 және 2-топтағы мерзімсіз мүгедектігі бар адамдар үшін зейнетақы төлемдерінің мөлшеріне қосымша ұлғайту коэффициенттері көзделген.

Осылайша, Үкімет Қаулысында азаматтардың әртүрлі санаттарының өмір сүру және еңбек ету ұзақтығы мен жағдайлары ескерілген.

«Сондай-ақ, БЖЗҚ-дан төленетін ең төменгі зейнетақы төлемінің мөлшері де өсті. Бұрын ол әрбір қаржы жылына белгіленген ең төменгі күнкөріс деңгейінің 54% құраса, енді ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70% дейін ұлғайтылды. Нәтижесінде, ең төменгі зейнетақы төлемдерін алушылар үшін БЖЗҚ-дан ай сайын берілетін зейнетақы төлемдері ұлғаятын болады.

Үкіметтің Қаулысына сәйкес, алушыларға зейнеткерлікке шыққан бірінші жылы төленетін ай сайынғы төлемдердің мөлшері 6,5% мөлшерлемемен жинақталған зейнетақы сомасының он екіден бір көбейтіндісі ретінде анықталатын болады. Бұдан әрі төлемдердің мөлшері жыл сайын индекстеу есебінен ұлғаятын болады, яғни төлемдер зейнетақы жинақтарының ағымдағы сомасына әсер ететін инвестициялық табыстылықтың құбылмалылығына байланысты болмайды», - деп нақтылады БЖЗҚ мамандары.

Олардың пайымынша, мұның бәрі азаматтарға зейнетақы төлемдерінің түсінікті әрі болжамды тәртібін қамтамасыз етеді.

Төлемдердің өзгертілген тәртібі 2021 жылғы 1 сәуірден бастап туындаған қатынастарға қолданылады.

БЖЗҚ-дан зейнетақы төлемдерін алу құқығын 2018 жылғы 1 қаңтарға дейін іске асырған адамдарға зейнетақы төлемінің жыл сайынғы мөлшері сақталады және ең төмен зейнетақының отыз еселенген мөлшерінен кем болмайды (2021 жылы 30 х 43 272 = 1 298 160 теңге). Төлемдер бұрын таңдалған кесте бойынша жүзеге асырылады.

«БЖЗҚ-дан зейнетақы төлемдерін алу құқығын 2018 жылғы 1 қаңтардан бастап 2021 жылғы 31 наурызға (қоса алғанда) дейін іске асырған адамдарға зейнетақы төлемдерінің мөлшерін есептеуді жүзеге асырудың жаңа әдістемесіне сәйкес, 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап ай сайынғы зейнетақы төлемдері 5% индекстеу мөлшерлемесіне ұлғайтылатын болады, кейіннен жыл сайын қайта есептеліп отырады», - делінген БЖЗҚ мәліметінде.

БЖЗҚ-дан зейнетақы төлемдері жеке зейнетақы шотындағы зейнетақы жинақтары таусылғанға дейін бұрынғыдай жүзеге асырылатын болады.

Бұдан бұрын хабарланғандай, биылғы 1 сәуірден бастап зейнетақы төлемін е септеудің тәртібі өзгереді.



Соңғы жаңалықтар