Қазақстанда химиялық заттарды ұтымды реттеу жүйесі жолға қойылмаған – БҰҰ ДБ

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елордада химиялық қауіпсіздік бойынша Қазақстанның әлеуетін нығайту мәселелері, сонымен қатар ҚР Экологиялық кодексіне қауіпті химиялық заттарды реттеуге қатысты өзгертулер жобасы талқыланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бүгінгі күні Қазақстандағы БҰҰ Даму бағдарламасы химиялық заттар мен қауіпті қалдықтарды кәдеге жаратуға бағытталған бірқатар жобаны табысты жүзеге асырып отыр. Олардың қатарында Қазақстанда тұрмыстық қатты қалдықтарды басқарудың кешенді жоспарын әзірлеу, тұрақты органикалық ластаушыларды басқарудың ұлттық жоспарын жаңарту, Қазақстандағы медициналық қалдықтарды жоспарлау мен орынды басқару үрдісіне интеграциялау сынды жобалар бар», - деді отырысты ашқан Қазақстандағы БҰҰ Даму бағдарламасы Урбанизация және тұрақты даму департаментінің жетекшісі Арман Қашқынбаев.


Ал БҰҰ Даму бағдарламасының жоба менеджері Нина Гордың айтуынша, Қазақстанда химиялық заттарды ұтымды реттеу жүйесі жолға қойылмаған.

«Соңғы жылдардағы статистика жұқпалы емес аурулардың, әсіресе қоршаған ортаның өзгерістеріне барынша сезімтал болып келетін балалардың арасында белең алып бара жатқандығын көрсетеді. Біз мұны қоршаған ортаның сапасымен байланыстырып отырмыз», - деді ол.


Жалпы, ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметтеріне сәйкес,қазақстандықтар тыныс алу ауруларынан жиі зардап шегеді. Мәселен, 2017 жылы барлық аурулардың ішінде тыныс алу дертеріне шалдыққандардың саны 42,9 пайыз болған. 2009-2016 жылдары аралығында балалар арасындағы демікпе - 2,6 есе, ал ісік аурулары 60 пайызға артқан. Туа біткен аурулардың да белең алғаны байқалады. Айталық, 2008 жылы 100 мың адамның ішінде 604,1, ал 2005 жылы 100 мың адамға 999 жағдай тіркелген.



Соңғы жаңалықтар