Қазақстанда кепілді тіркеу электронды форматқа ауыстырылды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Нұр-Сұлтан және Шымкент қалаларында кепілді электронды тіркеуді жүзеге асыру бойынша қанатқақты жоба іске қосылды. Бұл туралы Әділет министрі Марат Бекетаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Жылжымайтын мүлікке құқықтарды тіркеу саласындағы мемлекеттік қызметтерді автоматтандыруды қарастыратын заңнамаға түзетулер қабылданды. Мысалы, бұрын елді мекендердің, көшелердің атаулары, жылжымайтын мүлік иелерінің аты-жөні өзгерген жағдайда мемлекеттік тіркеу үш жұмыс күні ішінде жүзеге асырылды. Төлем шамамен 500 теңгені құрады. Жыл сайын республика бойынша тіркеу органдарына 35 мыңнан астам мұндай өтініштер түсетін. Енді жылжымайтын мүлік иелерінің тіркеуші органға жүгінудің және осы өзгерістерді тіркеу бойынша шығындарды көтерудің қажеті жоқ. Өйткені жаңартылған мәліметтер мемлекеттік органдардың тиісті ақпараттық жүйелерінен құқықтық кадастрдың ақпараттық жүйесіне автоматты түрде түседі», - деді министр онлайн режимде халық алдында есеп бері кезінде.

Оның сөзіне қарағанда, жылжымайтын мүліктің меншік иелері тарапынан қаржылық және уақытша шығындарды қысқарту мақсатында кепілді тіркеу екінші деңгейдегі банктермен ақпараттық өзара іс-қимыл арқылы электрондық форматқа ауыстырылды.

«Осы өзара іс-қимыл аясында жылжымайтын мүлік иесіне құжаттарды тапсыру үшін Халыққа қызмет көрсету орталықтарына жүгінудің қажеті жоқ. Себебі банктер кепіл туралы мәліметтерді тіркеу үшін электронды форматта тіркеуші органға өз бетінше жібереді. Тіркеу бір жұмыс күні ішінде жүзеге асырылады. Қазіргі кезде Нұр-Сұлтан және Шымкент қалаларында кепілді электрондық тіркеуді жүзеге асыру бойынша қанатқақты жоба іске қосылды», - деп түсіндірді М. Бекетаев.

Бұдан бұрын хабарланғандай, Әділет министрі құрылған «Әлеуметтік қордың» негізгі міндетін түсіндірді.



Соңғы жаңалықтар