Қазақстанда ҚХА жастар ұйымдарын дамыту жоспары әзірленіп жатыр

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстан халық Ассамблеясы жастар ұйымдарын дамыту жөніндегі жұмыс жоспары әзірленіп жатыр. Бұл жайында ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің Этносаралық қатынастарды дамыту комитеті төрағасының орынбасары Еркін Үйсімбаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Өздеріңізге де белгілі, өткен жылдан министрлігіміз ҚХА қызметін және оның құрылымдарын қайта пішімдеу жүргізіп жатыр. Осыған орай министрлік Қазақстан халқы Ассамблеясының республикалық және өңірлік қоғамдық құрылымдарымен «Қоғамдық келісім» РМК мен КМК жұмысының бірыңғай тұжырымдамасын әзірледі», - деді ол ҚХА депутаттық тобының Ассамблеяның «Жаңғыру жолы» республикалық жастар қозғалысы мүшелерімен кездесуі барысында.

Оның атап өтуінше, аталған тұжырымдамада Ассамблеяның барлық құрылымының жұмыс тәртібі, қызметтік басымдықтары мен жұмысындағы негізгі бағыттар айқындалған. Бұл құжат таяу уақытта ҚХА сайтында жұртшылыққа қолжетімді болады.

«Белсенді әрі идеялы жастар әлеуетінің зор ресурсы, өңірлерде көп өкілі бар «Жаңғыру жолы» республикалық жастар қозғалысының қызметін ҚХА-ның құрылымдық бөлімшесі ретінде бөле қарап, дербес бағыт белгілеп отырмыз. Қазіргі уақытта министрлік «Жарасым» республикалық жастар ұйымымен бірлесіп, ҚХА жастар ұйымын дамыту жөніндегі жұмыс жоспарын әзірлеп жатыр», - деді Еркін Үйсімбаев.


Соңғы жаңалықтар