Қазақстанда қылмыстық процестің барлық сатысы автоматтандырылады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстанда қылмыстық процестің барлық сатысы автоматтандырылады. Бұл туралы аталған ведомствоға қарасты Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің цифрлық жобаларын таныстыру барысында белгілі болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында 2015 жылы Бас прокуратура қылмыстық қудалау органдарында «Сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізілімі» (СДТБТ) ақпараттық жүйесін енгізді. Соның арқасында қылмыстық істерді тіркеу сатысы толығымен автоматтандырылды. Қылмыстық қудалау органдарына қылмыстық құқық бұзушылықтарды СДТБТ-де дербес тіркеу мүмкіндігі берілді», -деді ҚР Бас прокурорының орынбасары Марат Ахметжанов жобаларды таныстыру барысында.

Сонымен қатар оның айтуынша, 2016 жылы Жоғарғы сот сот органдарының істерді сотта қарау сатысын автоматтандыратын ведомстволық орталықтандырылған «Төрелік» ақпараттық-талдау жүйесін енгізді. Аталған жүйелерді интеграциялау қылмыстық құқық бұзушылықты тіркеуден бастап сот үкімін шығаруға дейінгі қылмыстық процестің қалған сатыларын кейіннен ауқымды автоматтандыруға түрткі болды. Ол үшін ІІМ ҚАЖК және комитеттің деректер базасын интеграциялау процесі тестіленіп жатыр.

2017 жылы Бас прокуратура «СДТБТ» АЖ базасында «Электрондық қылмыстық іс» модулін әзірледі. Бұл 2018 жылғы 1 қаңтардан бастап қылмыстық істерді тергеп-тексеруді электрондық форматта жүргізуге мүмкіндік берді. 2020 жылдың қорытындысы бойынша «Сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізілімі» ақпараттық жүйесінде 162 783 қылмыстық құқық бұзушылық тіркелді. Оның ішінде 73 546 құқық бұзушылық бойынша қылмыстық істер электрондық форматта тергелді.

Бас прокуратураның атап өтуінше, аталған көрсеткіштерге қылмыстық қудалау органдарының ұйымдастыру техникасымен (679 компьютер, 297 монитор, 355 планшет, 346 сканерлеу және басып шығару құрылғысы, 323 саусақ ізін оқу құрылғысы) жарақтандыру бойынша қабылданған шаралардың арқасында қол жеткізілді. Бұл тергеудің цифрлық форматына көшуді жандандыруға ықпал етті.


Соңғы жаңалықтар