Қазақстанда орташа зейнетақы көлемі қанша

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстандықтардың орташа зейнетақы төлемі айына – 100 мың теңгеге жуық. ҚазАқпарат бұл туралы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне сілтеме жасап хабарлайды.

2021 жылдың қаңтар-қыркүйек айларында республикалық бюджеттен базалық зейнетақы төлеуге 614,9 млрд теңге, ынтымақты зейнетақы төлемдеріне – 1 390, 1 млрд теңге бағытталды.

Өткен қыркүйек айында республикалық бюджеттен зейнетақы төлемдеріне – 221,2 млрд теңге, оның ішінде базалық зейнетақы төлеуге – 67,9 млрд теңге, ынтымақты зейнетақы төлеуге 153,3 млрд теңге бөлінді.

Биылғы 1 қазандағы мәліметке сәйкес, зейнетақы төлемдерінің орташа мөлшері (оның ішінде базалық зейнетақы) 99 887 теңгені құрады. Еліміздегі зейнеткерлер саны – 2 млн 229 мың адам.

Еске салайық, 2018 жылғы 1 шілдеден бастап мемлекеттік базалық зейнетақы төлемі, азаматтың зейнетақы жүйесіндегі тәжірибесі ескеріле отырып, жеке тағайындалады.

Бұл ретте 1998 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша ынтымақты жүйеде жұмыс істеген уақыты, сондай-ақ міндетті зейнетақы жарналары төленген кезеңдер зейнетақы жүйесіндегі еңбек өтіліне қосылады.

Сонымен, егер зейнетақы жүйесіндегі жұмыс өтілі 10 жыл немесе одан аз болса, сондай-ақ егер мүлде жоқ болса, базалық зейнетақы ең төменгі күнкөріс деңгейінің 54% құрайды, содан кейін 10 жылдан асқан әр жыл үшін оның мөлшері 2% артады. Мысалы, егер сіз 20 жыл қатыссаңыз, базалық зейнетақы күнкөріс деңгейі құнының 74%, 30 жыл – күнкөріс құнының 94% құрайды. 33 және одан да көп жыл жұмыс өтілі болса, күнкөріс құнының 100% мөлшерінде белгіленеді.

Егер Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына міндетті зейнетақы жарнасы бір ай ішінде бірнеше рет жасалса, жинақтаушы жүйеге қатысу мерзімі бір айды құрайды.

Осылайша, міндетті зейнетақы жарналары неғұрлым тұрақты және толық салынатын болса, зейнетақы жасына жеткенде базалық зейнетақы төлемдерінің мөлшері соғұрлым көп болады.

Өз кезегінде, жасына байланысты зейнетақы төлемдерінің мөлшері 1998 жылғы 1 қаңтардағы жұмыс өтіліне (кем дегенде 6 ай қажет) және зейнеткерлікке дейінгі кезеңде алынған орташа айлық табысқа байланысты болады.


Соңғы жаңалықтар