Қазақстанда отбасының әл-ауқатын бағалау әдістемесі әзірленді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. Қазақпарат - Қазақстанда отбасының әл-ауқатының деңгейін анықтау және қолдау шараларын көрсету әдістемесі әзірлегенді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенованың айтуынша, ол Сабина Алкире мен Джеймс Фостер жасаған көп өлшемді кедейлікті өлшеу әдісіне негізделген. Бұл әдіс тұрғындардың қай санаты қандай параметрлер бойынша кедейлер тобына жататынын анықтауға, сондай-ақ қоғамдағы кедейлікті көрсету үшін ақпаратты біріктіруге мүмкіндік береді.

«Ведомство әзірлеген әдістеме төрт бағыт бойынша отбасының әл-ауқатының деңгейін айқындауды көздейді: әлеуметтік-экономикалық өмір сүру жағдайлары, денсаулық сақтау қызметтерімен қамту және мүгедектігі бар адамдардың болуы, білім беру қызметтерімен қамту және отбасы мүшелерінің білім деңгейі және отбасының жан басына шаққандағы орташа табысы», - деп түсіндірді министр.

Отбасының әл-ауқатын бағалау қорытындылары бойынша кедейліктің ең жоғары деңгейінде тұрған отбасылармен мынадай іс-шаралар жүргізіледі:

1. Әлеуметтік қолдау шараларын көрсету үшін әлеуметтік қызметкердің, жергілікті атқарушы орган қызметкерінің баруы.

2. Отбасының қажеттілігін анықтау және мемлекеттік қызметтер көрсету. Мұның ішіне, атаулы әлеуметтік көмек, тұрғын үй көмегін тағайындау; жұмысқа орналасуға жәрдемдесу; балаларды мектептерге/балабақшаларға орналастыру; медициналық ұйымдарға тіркеу; көмектің басқа түрлерін көрсету кіреді.

3. Жобаларды әзірлеуге, жаңа дағдыларға үйретуге, өз ісін құруға көмек көрсету.

«Қазіргі уақытта біз қиын өмірлік жағдайға тап болған азаматтарға әлеуметтік қолдау шараларын көрсету үшін пайдаланылатын отбасының цифрлық картасын әзірлеуді жүзеге асырудамыз. Отбасының цифрлық картасы түрлі дерекқорлардағы барлық ақпаратты жинақтауға және талдауға, одан әрі оны жедел өзектендіруге және проактивті форматта отбасының жағдайының нашарлауына жол бермеу үшін қажетті қолдау көрсетуге мүмкіндік береді. Қазір біз тек отбасылар туралы айтып отырмыз, болашақта біз 19 миллион азаматтың әрқайсысын қарастырамыз», – деді Тамара Дүйсенова.


Соңғы жаңалықтар