Қазақстанда санитарлық-гигиеналық тораптары бар жанармай құю бекеттері салынады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Биыл республикалық және жергілікті маңызы бар 9,5 мың шақырым автожол жөнделді. Бұл туралы ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Министрдің сөзінше, жыл соңына дейін 2,6 мың шақырым жаңа автожолда қозғалыс ашылады. Мың жарым шақырым жолда күрделі және орташа жөндеу жүргізіледі.

«Бүгінде 1 815 нысан жол бойындағы сервисте жұмыс істейді, оның 894-і немесе 49% Ұлттық стандарт талаптарына сәйкес келеді. Министрлік облыс әкімдіктерімен бірлесіп, ынтымақтастық туралы келісім аясында Ұлттық стандартқа сәйкес келетін жол бойындағы сервис нысандарын көбейту бойынша жұмыс істейді», - деді ол Орталық коммуникациялар қызметінде өткен есеп беру брифингінде.

Спикер «Қазавтожол» компаниясының санитарлық-гигиеналық тораптары бар 23 жанармай құю станциясын салатынын, одан бөлек, 70-ке жуық санитарлық-гигиеналық торап орнатуды жоспарлап отырғанын жеткізді. Осылайша, жол бойындағы қызмет көрсету нысандарының 58% Ұлттық стандарт талаптарына сәйкес келетін болады.

«2020-2025 жылдарға арналған «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасының маңызды міндеті – жергілікті жол желісінің сапасын арттыру мен тұрғындарды үйге дейінгі жолмен қамтамасыз ету. Жергілікті желінің жалпы ұзындығы 70,9 мың км құрайды. Жергілікті желіні дамытуды қаржыландыруда жыл сайынғы нысаналы трансферттерді бөлу жолымен министрлік пен жергілікті атқарушы органдар арасындағы тепе-теңдік тәсілі қолданылады. Биыл 4 мың шақырым жол жөнделеді, оған 30 мың адам тартылады және жыл соңына дейін жергілікті желі жолдарының 75% жақсы және қанағаттанарлық жағдайға келтіріледі», - деді Б. Атамқұлов.

Оның айтуынша, 2025 жылға қарай жергілікті желінің 27 мың шақырым автожолы жөнделеді. Бұл облыстық және аудандық маңызы бар жолдардың 95% жақсы және қанағаттанарлық күйге келтіруге мүмкіндік береді.


Соңғы жаңалықтар