Қазақстанда шығарылған «Шағала» пилотсыз ұшу аппараты полигонда сынақтан өткізілуде

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елордада «Шағала» атты пилотсыз авиациялық-барлау кешені сынақтан өткізілді. Ұшқышсыз ұшу аппаратты ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы атындағы Ұлттық қорғаныс университетінің әскери ғалымдары жасаған, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

ҚР Қорғаныс министрлігінен мәлім еткендей, қазіргі заманғы әскери қақтығыстарда ұшқышсыз ұшу аппараттарын қолдану, отандық осындай құрылғыны жасау қажеттігін көрсетті. Ұлттық қорғаныс университетінде қарсыластың бронды техникасы мен күшіне қарсы тиімді қару ретінде тек барлау дрондарын ғана емес, сонымен қатар соққы беруші ұшқышсыз ұшу аппаратын қолдануға да талдау жасалды.

«Шағала» барлаушы ұшқышсыз ұшу аппаратының тәжірибедегі нұсқасы бағдарламалық-аппараттық байланыс арнасымен, байланыс арнасы қорғалған жеке криптографиялық хаттамамен жабдықталған.


«Ұшқышсыз ұшу аппараты ауқымында әскерлерді отандық әзірлемелермен қамтамасыз етуге деген ұмтылыс қуантады. Дегенмен, бұл осындай шетелдік құрылғылармен бірдей болмауы керек. Отандық аппараттардың тактикалық-техникалық сипаттамаларын әзірлеу кезінде қазақстандық армияның барлық қажеттіліктерін, біздің қорғаныс мақсатындағы географиялық ерекшеліктерді ескеру қажет», - деп атап өтті ҚР Қорғаныс министрінің орынбасары генерал-лейтенант Тимур Дәндібаев.

Зерттеуге арналған үлгіні полигонда сынақтан өткізу кезінде әскери ғалымдар төмен температураға төзімді қуат көзінің жаңа өнімін сынақтан өткізді. Ерекше аккумулятор батареялары – Ұлттық қорғаныс университеті мамандарының ойлап тапқандары.

Қорғаныс министрінің орынбасары қазақстандық ұшқышсыз ұшу аппараттарының өндірісі Қазақстанда жасалмайтын тораптар мен агрегаттардың импортын барынша азайта отырып, отандық қорғаныс өнеркәсібінің мүмкіндіктерін терең интеграциялауды көздейтініне назар аударды.

«Шағала» аппаратын шығару үшін отандық қорғаныс-өнеркәсіп кешенінің мүмкіндіктерін ескере отырып, қызмет көрсету, техниктер мен операторларды оқыту бағдарламалары, сондай-ақ Қарулы Күштердің оқу орындары мен бөлімдерінде оны енгізу үшін ұшқышсыз ұшу аппараты операторларының жауынгерлік даярлық курсы әзірленді.

Әскери ғылыми-зерттеу орталығының бастығы полковник Қуандық Ақшолақовтың айтуынша «Шағала» ұшқышсыз ұшу аппараты, осыған ұқсас шетелдік аппараттардың техникалық сипаттамаларынан кем түспейді, керісінше өзіндік артықшылықтарға ие.

«Ұшқышсыз ұшу аппаратының ұшу қашықтығы 30 шақырымға дейінгі аралықты құрайды. Ауада ол екі жарым сағатқа дейін болады, желдің екпіні секундына 14 метрге дейін күшейген кезде, ауада өзін тұрақты ұстайды. Болашақта біз оны взводтан батальонға дейінгі буындағы әскерлердің қару-жарақ қатарына қосуды жоспарлап отырмыз», - деді әскери ғылыми-зерттеу орталығының бастығы полковник Қуандық Ақшолақов


Сынақ ретіндегі ұшулар бағдарламасында «Шағала» ұшқышсыз ұшу аппаратын дайындаудың әртүрлі кезеңдері мен жұмыс режимдері ұсынылды.

Ғылыми жұмыстың нәтижелері патенттелген және де тәжірибе аяқталғаннан кейін барлық атқарылған жұмыстар Қазақстанның қорғаныс-өнеркәсібі кешеніне берілетін болады.


Соңғы жаңалықтар