Қазақстанда су ресурстарын басқару жөніндегі ұлттық жоба әзірленуде

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Су ресурстарын басқару жөніндегі ұлттық жоба әзірленіп жатыр. Бұл жайында Мәжіліс депутаттарының сауалына ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Роман Склярдың жауабында айтылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазіргі уақытта су ресурстарын басқару жөніндегі ұлттық жоба әзірленуде. Онда су қорын қорғау жөніндегі іс-шаралар ретінде өздігінен ағып жатқан иесіз гидрогеологиялық ұңғымаларды жою жөніндегі жұмыстарды көздеу жоспарлануда. Ұлттық жобаны іске асыру үшін жалпы сомасы 66 193,0 мың теңгеге 151 иесіз өздігінен төгілетін гидрогеологиялық ұңғымаларды жою бойынша жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеуге 2021 жылға қосымша бюджеттік өтінім берілді», - делінген Үкімет басшысының орынбасарының ресми жауабында.

Вице-премьердің атап өтуінше, аталған шығыстар республикалық бюджет комиссиясының шешімімен қолдау тапқан.

«Осылайша, 2021-2025 жылдар кезеңінде жер асты суларының табиғи ресурстарының ысырабын, жер қойнауы мен қоршаған ортаның ластануын болдырмау мақсатында 600-ден астам иесіз, өздігінен төгілетін, жоғары дебитті ұңғымалар мен радионуклидтері жоғары ұңғымаларды жою жоспарланып отыр», - деп толықтырды Роман Скляр депутат сауалындағы жауабында.


Соңғы жаңалықтар