Қазақстанда тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы бойынша жаңа реформа әзірленуде

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Ендігі уақытта Қазақстанның әрбір тұрғын үй кешенінің өзіндік жинақ есебі бар бірлестігі болады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бүгін ҚР Инвестициялар және даму министрлігіне қарасты Құрылыс саласын және тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығын дамыту департаментінің директоры Марғұлан Әбдікәрімов баспасөз мәслихатында Қазақстанда тұрғын- үй коммуналдық шаруашылығына қатысты заңға тиісті түзетулер енгізілетіні жайлы мәлім етті.

Оның айтуынша, енгізілген өзгерістерді депутаттар мақұлдап заң жобасы күшіне енсе, онда пәтер иелерінің кооперативі өткеннің ісі болып қалады. Оның орнына жаңадан коммерциялық емес ұйым - мүлікті меншіктеушілер бірлестігі құрылады. Және ол бір үй- бір мүлікті меншіктеушілер бірлестігі- бір есеп қағидасы бойынша жұмыс жасайды.  

«Мемлекеттік органдар мен басқаратын компаниялардың, сервистік қызмет субъектілерінің, атқарушы органдар мен көпқабатты тұрғын үй мүлкін меншіктеушілердің құқықтары мен міндеттері және жауапкершіліктері реттелетін болады. Ұсынылған қағида бойынша әрбір үйді басқаруды жеке тәсілде жүргізу қарастырылған. Әрбір ММБ жеке ағымдағы және жинақтау есебін ашатын болады. Одан бөлек тіркелген кондоминиумдар саны ұяғайып, сервистік компаниялардың дамуының алғышарты құрылады», - деді Марғұлан Әбдікәрімов. 

Сонымен қатар, М.Әбдікәрімов пәтер иелері үйді басқаруда өздеріне қолайлы деп тапқан үлгісін таңдай алатынын да айтып өтті. Егер бір тұрғын үйдегі пәтердің саны 10-нан аспаса онда ЖШС құрылатын болады, ал 10-нан артық пәтер болған жағдайда мүлікті меншіктеушілер бірлестігі құрылады және оған тұрғындардың ішінен басқарма төрағасы сайланады.

«Егер төрағалық қызметке адам табылмаған жағдайда, ММБ жеке тұлғаның қызметін пайдаланып, яғни менеджерді жалдайды. Оның жұмысын ТКШ-ның бірыңғай ақпараттық жүйесі арқылы бақылау мүмкіндігі болады.Осы тұрғыда айтып өткен жөн, бүгінде аталған қызметті пәтер иелерінің кооперативтері жүргізеді және олардың қызметінің ашықтығы мен қызмет көрсету сапасына қатысты көп сын айтылуда», - деді ол.

Министрлік аталған заң жобасын Мәжіліс депутаттарының қарауына осы айда жіберуді жоспарлауда.

Соңғы жаңалықтар