Қазақстанда үкіметтік емес ұйымдарды қаржыландырудың жаңа механизмі енгізіледі

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елімізде үкіметтік емес ұйымдарды қаржыландырудың жаңа механизмі әзірленіп жатыр. Бұл туралы ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Асқар Умаров мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Гранттық қаржыландыру саласындағы проблемаларды шешу үшін министрлік қазіргі уақытта халықаралық тәжірибе негізінде азаматтық қоғам сарапшыларымен бірлесе отырып, гранттық қаржыландыру саласындағы заңнаманы жетілдіру бойынша жұмыс жүргізуде. Гранттарды халықтың қажеттілігіне бағыттауға мүмкіндік беретін өзекті бағыттар бойынша пулдар қалыптастыру арқылы гранттарды жоспарлаудың жаңа форматын енгізу ұсынылады», - деп жауап берді Асқар Умаров депутаттық сауалға.

Министрдің мәлімдеуінше, аталған шара халықаралық практикада кеңінен пайдаланылатын «төменнен жоғары» тәсілін енгізуге мүмкіндік береді.

Сонымен қатар қоғамдық бастамалардың қазіргі кездегі күн тәртібіне икемделіп, жедел ден қоюды қамтамасыз етеді.

«Сондай-ақ, градуирленген гранттар жүйесін енгізу ұсынылады. Гранттың түріне қарай қаржыландыру көлеміне, іске асыру мерзімдеріне, ҮЕҰ үшін конкурсқа қатысу шарттарына қойылатын әртүрлі талаптар, есептілікке қойылатын талаптар айқындалатын болады. Мұндай тәсіл гранттық қаржыландыру рәсімдерін жеңілдетуге мүмкіндік береді», - дейді ол.

Бұл нормалар «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне волонтерлік қызмет, қайырымдылық, мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс және үкіметтік емес ұйымдарға арналған гранттар мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасы туралы» заң жобасында көзделген, ол бүгінгі күні ҚР Мәжілісі депутаттарының қарауында жатыр.

«Жұмыс тобының 13 отырысы және заң жобасының бірінші оқылымы болды. Сонымен қатар, 2021 жылдан бастап грант беру процесінің ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында грант алушыларды айқындау жөніндегі сараптамалық комиссиялардың отырыстары гранттық қаржыландыру операторының сайтында және әлеуметтік желілерінде тікелей эфирде көрсетіледі. Сондай-ақ, сараптама комиссиясының мүшелері тікелей эфирде кездейсоқ әдіспен Сарапшылар тізіліміне енгізілген адамдар қатарынан қалыптастырылады», - делінген ресми жауапта.


Соңғы жаңалықтар