Қазақстанда заңнамаға көлік мәселелері бойынша өзгерістер енгізіледі

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Бүгін Парламент Мәжілісінде «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне көлік мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы таныстырылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Берік Камалиев заң жобасының негізгі мақсаттары жолдарда көліктік бақылауды автоматтандыру, теңіз көлігі саласындағы халықаралық шарттардың нормаларын имплементациялау, теміржол көлігіндегі оқиғаларды және кемелерде болған авариялық жағдайларды тергеу тәртібін жетілдіруге арналғанын айтты. Сонымен қатар, Қазақстан Республикасы заңнамасын Халықаралық Азаматтық авиация ұйымы стандарттарының талаптарына және Еуропалық Одақтың авиациялық талаптарына келтіру, әуеайлақ маңындағы аумақта қызметті жүзеге асыруға рұқсат алу тетігін реттеу ескерілген.

«Жүктерді автомобильмен тасымалдаудың жоғары қарқындылығы жол төсемінің мерзімінен бұрын бұзылуына жол бермеу бойынша түбегейлі шараларды қабылдауды талап етеді. Осы мақсатта «2020-2025 жылдарға арналған Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша жолдарда көлік құралдарының салмақтық және габариттік параметрлерін өлшейтін автоматтандырылған станцияларды орнату жоспарлануда. Заң жобасында өлшеу станцияларын орнату және олардың жұмыс істеу тәртібін айқындайтын нормалар көзделген», - деді вице-министр.

Оның айтуынша, бұл ретте станциялар адамның қатысуынсыз «Сергек» қағидаты бойынша жұмыс істейтін болады. Ұсынылып отырған шараларды іске асыру автожолдардың сақталуын қамтамасыз етуге, ауыр салмақты көліктердің жол жүргені үшін бюджетке түсетін алымдар түсімін жыл сайын 1,5 млрд теңгеге арттыруға және автожолдарда көліктік бақылау жүргізу кезінде адами факторды болдырмауға мүмкіндік береді.

«Биылдың 31 наурызында Қазақстан Республикасы батып кеткен кемелерді шығару туралы 2007 жылғы Найроби халықаралық конвенциясын ратификациялады. Осыған байланысты, заң жобасында кеме иесінің суға батқан мүлікті көтеру жөніндегі өзінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін сақтандыру жөніндегі міндетін белгілейтін Конвенция талаптарын имплементациялау жөніндегі нормалар көзделген. Ұсынылып отырған нормалар Қазақстанға суға батқан кемені көтеру бойынша шығындарды өтеу туралы талаптарды тікелей сақтандыру компаниясына ұсынуға мүмкіндік береді. Қазіргі таңда Қазақстанның аумақтық суларында батып кеткен 10 кеменің, оның ішінде ирандық Tiba құрғақ жүк кемесінің (2015 жылы батып кеткен) және ресейлік «Аракс» кемесінің (2016 жылы батып кеткен) қалдықтары бар», - деді Б.Камалиев.


Соңғы жаңалықтар