Қазақстанда жануарлардың аса қауіпті аурулар тізбесіне 68 ауру мен инфекция енгізілді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстанда жануарлардың аса қауіпті ауруларының тізбесіне 68 ауру мен инфекция түрі енгізілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Тізімге енгізілген аурулардың ішінде жануарлардың 45 ауруы бойынша қолайлы эпизоотиялық жағдай байқалады, 23 ауру бойынша арнайы ветеринариялық іс-шаралар жүргізіліп жатыр.

«Халықаралық эпизоотиялық бюро жануарлардың аса қауіпті ауруларының тізіміне 88 түрлі ауру мен инфекцияны енгізді. Жануарлардың аса қауіпті ауруларына қарсы ветеринариялық іс-шаралар (профилактика, диагностика, жою) бюджет қаражаты есебінен жүзеге асырылатын жануарлардың аса қауіпті ауруларының тізбесіне енгізілген аурулар бойынша жүргізіледі. Республикада мұндай профилактикалық іс-шаралар жануарлардың 23 ауруы бойынша жүргізіледі, бұл вакцинация және диагностика»,-делінген хабарламада.

Сондай-ақ онда 2022 жылға аса қауіпті ауруларға жануарларды вакциналау бойынша ветеринариялық-профилактикалық іс-шаралар жоспарына сәйкес 160,5 млн манипуляция, диагностика бойынша 34,1 млн зерттеу жоспарланған.

2022 жылдың басынан бері республика аумағында 177 қолайсыз пункт тіркелді. Оның ішінде аса қауіпті жұқпалы аурулар бойынша 91 пункт (оның ішінде 51-і жойылды, 40-ы жұмыс істейді), сондай-ақ бруцеллез бойынша 86 пункт (оның ішінде 20-ы жойылды, 66-сы жұмыс істеп тұр).

«Ол үшін жоспардан тыс, мәжбүрлі 58 516 бас ірі қара, 4707 бас ұсақ мал, 2388 бас жылқы және 633 ет қоректі жануарларға вакцинация жүргізілді, сондай-ақ 1,0 млн. шаршы метрден астам дезинфекциялық құралдар бөлінді».- деп мәлім етті ҚР АШМ баспасөз қызметі.


Соңғы жаңалықтар