Қазақстанда жоғары технологияның көмегімен ота жасау 3 есе артқан

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елімізде МӘМС жүйесі енгізілгеннен кейін жоғары технологиялық медициналық қызмет 62 пайызға артқан. Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«МӘМС (міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру) жүйесі 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап іске қосылды. Жүйені енгізе бастаған кезде пандемия басталып кетті. Осыған орай МӘМС қызметіне қатысты өзгерістер енгізілді. Сондықтан осыған дейін МӘМС жүйесі толық көлемде жүзеге аспады. Соған қарамастан МӘМС-ті енгізу денсаулық саласына қосымша қаржы көзін тартып, қаржыландырудың 80 пайызға дейін артуына септігін тигізді. Қаржыландыруды арттыру медицинаның барлық саласына қатысты. Яғни, бұрын-соңғы мән берілмеген салаға қаржы бөліне бастады», - деді Ажар Ғиният елордада өткен міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру мәселелеріне арналған дөңгелек үстел барысында.

Сондай-ақ, министрдің мәлімдеуінше, МӘМС жүйесі медициналық қызметтің қолжетімді болуы мен оның аясын кеңейтуге мүмкіндік берді.

«Профилактикалық тексеру мен медициналық оңалту 2 есеге өсті. Консультациялық-диагностикалық қызмет 7,7 пайызға артып отыр. Сонымен қатар стационарлық көмек 54 және жоғары технологиялық медициналық қызмет 62 пайызға артқан. Одан бөлек МӘМС-тің арқасында амбулаторлық қызмет пен жоспарлы ота жасау уақыты қысқарды. 2019 жылдан бастап жоғары технологияның көмегімен жасалатын ота көлемі 3 есе артқан», - дейді ол.

Бұған дейін ведомство басшысы елімізде адам өлімінің 5 пайызға дейін азайғанын айтқан еді.

Айта кетейік, елордада міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі қызметіне арналған дөңгелек үстел өтіп жатыр.


Соңғы жаңалықтар