Қазақстанда жыл басынан бері 9,8 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстанда биылғы жылдың 10 айында 9,8 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұл туралы ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«10 айдың қорытындысы бойынша 9,8 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді, бұл 2018 жылғы осы кезеңдегі көрсеткішті 100% құрайды. Тұрғын үйді іске қосу пайызы жылдық жоспарға 75,4% құрады. Республика бойынша барлығы 84 580 тұрғын үй тапсырылды», - деп атап өтті министр 10 айдағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындысы бойынша ҚР Үкіметі отырысында.

Тұрғын үй көлемінің ұлғаю көрсеткіштері еліміздің 9 өңірінде байқалады. Бұл тізімде Түркістан (130,4%), Қызылорда (117,2%), Ақтөбе (116,7%) Қостанай (115,9%) облыстары және Шымкент қаласы (116,4%) көшбасшы болып отыр.

Алайда, бұған қарамастан, ведомство басшысы тұрғын үйді іске қосу бойынша құрылыс қарқынының кейбір төмендеуі туралы да айтып берді.

«Тұрғын үйді іске қосу қарқынының төмендеуі Жамбыл облысында (96,0%) және Нұр-Сұлтан қаласында (64,2%) байқалады. Жылдық жоспарға (105,0%) қол жеткізу бойынша қабылданған міндеттемелерді орындау үшін осы әкімдіктер өз жұмысын жандандыруы қажет. Жалпы, жыл қорытындысы бойынша Министрлік жетекшілік ететін барлық салалар бойынша НКИ жоспарлы мәндеріне қол жеткізу жоспарланып отыр», - деп атап өтті Б. Атамқұлов.

Соңғы жаңалықтар