Қазақстанда жыл соңына дейін 2,2 мың шақырым жол пайдалануға беріледі

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстанда жыл соңына дейін 2,2 мың шақырым жол пайдалануға беріледі. Бұл туралы ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Берік Камалиевтің төрағалығымен өткен селекторлық кеңесте айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат министрліктің Telegram каналына сілтеме жасап.

Жиын барысында «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде автомобиль жолдары жобаларын іске асыру мәселелері қаралды.

Отырысқа ҚР ИИДМ Автомобиль жолдары комитетінің, «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ және мердігер ұйымдардың өкілдері қатысты.

Автожол жобаларын іске асыру барысы туралы «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ облыстық филиалдарының және мердігерлердің есептері тыңдалды. 2021 жылы құрылыс және реконструкциялау жалпы ұзындығы 3,6 мың шақырым болатын 95 жол учаскесін қамтығаны атап өтілді. Жылдың соңына дейін 1,2 мың шақырым жолда қозғалысты ашып, 2,2 мың шақырым жолды пайдалануға беру жоспарланып отыр.

Жиын барысында «Талдықорған-Қалбатау-Өскемен», «Мерке-Бұрылбайтал», «Қалбатау-Майқапшағай», «Ақтөбе-Атырау-Астрахань», «Ақтөбе-Мақат», «Қарағанды-Балқаш», «Үшарал- Достық», «Шамалған станциясының айналма жолы» жолдарының учаскелеріндегі жұмыс барысы талқыланды.

Кездесу барысында көтерілген тағы бір мәселе жаңа ақылы жол учаскелерін енгізу болды. Қазірге дейін жалпы ұзындығы 5,8 мың шақырым болатын 18 учаскеде 99 басқару доғасын орнату бойынша құрылыс-монтаждау жұмыстары аяқталған.

Берік Камалиев жобалардың әрқайсысы бойынша жұмысты уақытында және сапалы аяқтау үшін тиісті нұсқаулар берді. Бүгін құрылыс маусымы толығымен басталды, барлық учаскелерде жұмыс қарқынды жүргізілуде.


Соңғы жаңалықтар