Қазақстандағы мемқызметшілердің төрттен бірін қысқарту: Кім кетеді? Кім қалады?

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстанда мемлекеттік қызметшілердің төрттен бірі қысқарып, бұл саланың едәуір өзгеріске ұшырайтын түрі бар. Президенттің ел ісіне жастарды тарта бастауы, сол үшін қайтадан жастар кадрлық резервін өткізуді тапсыруы бұл өзгерістердің бұрынғыдан өзгерек екенін дәлелдей түссе керек. Десе де бұл тұрғыда БАҚ тарапынан сұрақтың көбірек қордаланып қалғаны Мемлекеттік қызмет істері агенттігіның төрағасы Анар Жайылғанованың ОКҚ алаңындағы баспасөз мәслихаты барысында анық аңғарылды. Агенттік басшысының айтуынша биыл мемлекеттік аппаратты 10 пайызға, келесі жылы тағы 15 пайызға оңтайландыру жоспарланып отыр.

Дамыған елдермен салыстырғанда ҚР-да мемқызметшілер көп пе әлде аз ба?

«Биыл мемлекеттік аппаратты 10 пайызға, келесі жылы тағы 15 пайызға оңтайландыру жоспарланып отыр. Осылайша Президенттің мемлекеттік аппаратты 25 пайызға қысқарту туралы тапсырмасы 2021 жылы жүзеге асырылады», - деді Анар Жайылғанова.

Агенттік төрағасының айтуынша, қазіргі уақытта Қазақстанда 97 мың мемлекеттік қызметші бар. Бұл – 9,2 млн экономикалық белсенді халықтың 1,1 пайызы. Анар Жайылғанова бұл көрсеткіш дамыған мемлекеттердің көрсеткішімен сай келетінін атап өтті. Сөзіне сенсек мәселен Францияда мемлекеттік қызметшілердің үлесі 8 пайызды, Канадада 1,5 пайызды, Австралияда 1,4 пайызды, АҚШ-та 1,3 пайызды құрайды.

«Кейінгі жылдары Қазақстанда мемлекеттік қызметшілердің санын қысқарту бағытында жұмыс жүргізіліп жатыр. 2018 жылы бізде 98,7 мың мемлекеттік қызметші болса, 2019 жылы олардың саны 97,4 мың, 2020 жылдың І жартыжылдығында 97 мың болды», - деді ол.

Жалпы Қазақстанда мемлекеттік органдар халықтың өмірінің бүкіл саласының үзіліссіз жұмысын қамтамасыз ететінін ескере отырып, қысқарту салдарынан келуі мүмкін жағымсыз жайларды назарға алып, бірқатар шара қабылдау көзделіп отыр екен. Біріншіден, оңтайландыруға жататын лауазымдарды талдау кезінде ең біріншіден тұрақты бос лауазымдар қарастырылады. Бүгінгі таңда бос вакансиялардың саны 8 мың. Бұл – мемлекеттік аппараттың жалпы лауазымының 8,5 пайызы. Сонымен бірге зейнеткерлердің жұмысты босатуына байланысты жылына 1 мың лауазым босайды. Одан бөлек 6 мың мемлекеттік қызметші жеке секторға немесе басқа да ұйымдарға ауысады.

«Бұл жағдайлар мемлекеттік қызметшілердің шынайы қысқаруын азайтар деген сенімдеміз», - дейді Анар Жайылғанова.

Қай санаттағы мемқызметшілер жұмыстан шығарылмайды?

Қазақстанда мемлекеттік қызметшілердің санының азаюы – қаншалықты тиімді немесе тиімсіз? Әлбетте мемлекет бұл ретте ресурсты үнемдегенімен жұмысынан босап қалған азаматтар қайда барады? Міне баспасөз мәслихаты барысында осы сұрақ та агенттіктің басшысына қойылды.

«Әлеуметтік тұрғыда әлсіз және қысқаруға жататын мемлекеттік қызметшілердің қорғалуын қамтамасыз ету керек. Қазіргі уақытта Еңбек кодексіне сәйкес жұмыстан аяғы ауыр әйелдер, үш жасқа дейінгі баласы бар әйелдер, жалғызбасты аналар, бала тәрбиелеп отырған басқа да адамдар, сонымен бірге зейнет жасына 2 жыл уақыт қалған адамдар қысқартылмайды», - деді Анар Жайылғанова.

Оның айтуынша осыған байланысты мемлекеттік қызметшілердің жоғарыда аталған құқықтарының қорғалуына бақылау жүргізіледі. Сондай-ақ мемлекеттік қызмет туралы заңға сәйкес мемлекеттік қызметте үш жылдық өтілі бар адамдарға жұмыстан шығарда орташа айлықтың төрт еселенген мөлшері беріледі. Бұл норма тәжірибелі қызметкерлерді жүйеде қалдыруға ынталандыруға бағытталған.

Жауапты хатшылардың міндеті аппарат басшыларына беріледі

Министрліктердегі жауапты хатшылардың жұмысы мемлекеттік аппараттың тұрақтылығын қамтамасыз етіп, билік вартикалін бекемдейтіні, Президент Әкімшілігінің жеке ведомстволарға бақылауын күшейтіп, министерлерді әкімшілік-кадрлық жұмыстардан босатып, олардың негізгі күш-қуатын саяси маңызы бар істерге жұмылдырар деп күтілген екен. Сонымен бірге жауапты хатшылар институтының негізгі тапсырмасы – саяси мемлекеттік қызметшілер ауысқан жағдайда мемлекеттік органдардың кадрларының сақталуын қамтамасыз ету болған. Алайда Анар Жайылғанова мемлекеттік қызметтегі карьералық модельге ауысуымен бұл құрал өзінің маңыздылығын жоғалтып алғанын атап өтті. Оның айтуынша бұрын жауапты хатшылар Мемлекет басшысы Президент Әкімшілігінің ұсынуымен және Үкімет басшысының келісімімен тағайындалатын.

«Нормативті-құқықтық құжаттарға өзгерістер енгізілгеннен кейін министрліктердегі аппарат басшыларын министрдің өзі Президент жанындағы кадрлық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның келісімімен тағайындайтын болды. Жауапты хатшылар қысқартылғаннан кейін олардың міндеттері аппарат басшыларына беріледі. Аппарат басшыларында «А» корпусының мәртебесі сақталар деген ойдамыз», - деді агенттік басшысы.

Сонымен қатар Анар Жайылғанова жауапты хатшыларды қысқарту мемлекеттік аппараттың жұмысына әсер етпейтінін мәлім етті.

«Бұл тапсырманы орындау үшін агенттік заңнамалық түзетулер пакетін әзірледі. Ол осы жылдың соңына дейін қабылданады», - деді ол.

2021 жылғы Президенттік кадр резерві: Іріктеуге меморгандар да атсалыспақ

Мемлекет басшысы жүктеген тағы бір маңызды міндеттің бірі – 2021 жылы Президенттік жастар кадрлық резервін өткізу. Агенттік басшысы қазіргі уақытта оның механизмі бойынша жұмыс жүргізіліп жатқанын айтады. Бұл жолы шағын ғана менеджерлер мен кәсіби мамандарды іріктеп алу жоспарланып отыр екен. Агенттік басшысы алғаш рет Президенттік жастар кадрлық резервіне іріктеу жұмысы 2019 жылы өткізілгенін еске салды.

«Президенттің жастар кадр резервіне іріктеудің нәтижесінде мықты деген 300 үміткер таңдап алынды. Бүгінге дейін оның 153-і жұмысқа орналасқан. Олардың ішінде оны - саяси қызметке, «А» корпусына екеуі, қалғаны жеке және квазимемлекеттік сектордағы жұмысқа орналасты. 2021 жылғы іріктеудің 2019 жылғы іріктеуден басты айырмашылығы – нақтылыққа негізделеді. Яғни, іріктеу мемлекеттік органдардың шынайы қажеттілігіне байланысты өткізіледі», - деді ол.

Анар Жайылғанова одан бөлек тапсырманы сапалы орындау үшін іріктеу жұмысына қажеттілігі бар мемлекеттік органдардың өзі тартылатынын жеткізді.

«Қазіргі уақытта мемлекеттік органдарға қажеттілігі жөнінде ұсыныстарды жіберу бойынша хаттар жолданды. Үміткерлерді іріктеу келесі кезеңдерден тұрады: біріншісі – қатысушылардың құжаттарын қабылдау. Бұл жұмыс автоматтандырылған онлайн-форматта жүргізіледі. Сондай-ақ қашықтан алынатын тестілеу үміткерлердің күрделі ақпараттармен жұмыс жүргізу қабілетін айқындап, олардың аналитикалық және сыни пайымдауын анықтауға мүмкіндік береді. Үміткерлер бұл жерде өз мүмкіндіктері мен қабілетін дәлелдеуі тиіс. Келесі кезең – кейстік міндеттерді орындау. Бұл кезеңде үміткерлер жазбаша және коммуникациялық дағдыларын, сондай-ақ нақты бір саладағы білім деңгейін, сыни ойлай білу деңгейін көрсетеді. Олардың жұмысын нақты саладағы сарапшылар бағалайды», - деді ол.


Соңғы жаңалықтар