Қазақстандағы шетелдік көліктер қылмыс құралына айналып кетіп жатыр - ІІМ

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Марат Қожаев құқық қорғаушылар неліктен Армения мен Қырғыз Республикасынан әкелінген көліктерді тіркеуге шақырып жатқанын айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Шетелдік көліктерді тіркеу талабы бұрыннан бар. Қазақстанға әкелінген шетелдік кез келген қолданыстағы көлік тіркелу керек. Бұл – жол жүру ережесінің бір нормасы. 2014 жылы жол жүру ережесіне толықтыру енгізіліп, аталған елдерден сатылып алынып келген көліктерді міндетті түрде тіркеу ережесі бекітілді. Сол себепті қазіргі уақытта елде ешқандай жаңадан нормативті құжаттар қабылданып жатпағанын атап өткім келеді. Сонымен бірге, әкелінген көліктерді тіркеу бойынша жаңа нормативтер енгізіліп жатқан жоқ. Өз иелігі бойынша көлік сатып алған кез келген азамат автокөлікті арнайы ХҚО-ға барып тіркеуі керек», - деді Марат Қожаев Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.

Вице-министр көлікті тіркеу үшін жеке куәлік, автокөліктің иелігіне қатысты құжат, сонымен бірге барлық салықтар мен баждардың төленгені туралы анықтама керектігін айтады. Сондай-ақ, көлік Қазақстанда және ЕАЭО аумағында бекітілген ережелерге сәйкес, техникалық талаптарға сай болуы тиіс.

«Біз неге Армения, Қырғыз Республикасы немесе Ресейден әкелінген көліктерді тіркеуге шақыра бастадық? Біріншіден, бұл ретте тиісті есеп жүргізіп, көліктік тәртіп пен азаматтардың қауіпсіздігі ойландырып отыр. ҚР ҰҚК Шекара қызметінің мәліметіне сәйкес, елде кейінгі үш жылда ЕАЭО елдерінен 200 мыңға тарта көлік Қазақстанға кіргізілген. Бірақ олардың бәрі түгел тіркелмеген. Көбі транзитпен кірсе, біршама бөлігі осында жұмысқа келген азаматтарға тиесілі болып отыр. Тек 40 мыңы ғана заңды түрде тіркелген. Қалған көліктердің бәрін біздің азаматтар бекітілген құқықтық механизмден тыс пайдаланып келеді», - деді ол.

Марат Қожаевтың айтуынша, аталған көліктер полиция есебінде кімдікі екені белгісіз болғандықтан, азаматтар саналы түрде жол ережесін бұзып, жол үстіндегі басқа жолаушылар мен жүргізушілерге қатер төндіріп келеді.

«Мұндай көліктердің біразымен азаматтар тасымалданып, олар адамдардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіреді. 2018 жылмен салыстырғанда 2019 жылы шетелдік көлік құралдарының қатысуымен жол ережесінің бұзылу жағдайы үш жарым есе – 27 мыңнан 93 мыңға дейін өскен. Оның үстіне шетелдік көлік мінген қазақстандықтардың қатысуымен өткен жылы 1800 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, оның 1400-де ірі шығын келтірілген. 428 жол апаты жағдайында 132 адам қайтыс болып, 528 адам жарақат алды», - деді ол.

Вице-министр өткен жылдың қазан айынан бастап сақтандыру базасынан аталған көліктер бойынша ақпарат алуға қол жеткізілгенін атап өтті.

«Бұл жағдайды реттеуге үлесін қосқанымен, мәселені толық шеше алмайды. Екіншіден, шетелдік көліктер қылмыс жасау пиғылындағы адамдар үшін аса ыңғайлы болып тұр. 2019 жылы 400 құқықбұзушылық шетелдік көлікті пайдалану арқылы жасалды. Олардың 335-і көлікті ұрлауға қатысты болса, 60 қылмыс кісі өлтіруден ұрлыққа дейінгі дәрежеде жасалып отыр. ІІМ базасында ол көліктер туралы ақпарат болмағандықтан, ондай көліктерді табу айтарлықтай проблема туғызады. Сондай-ақ, базада болмағандықтан, көлік иесі өзінікі екенін көп жағдайда дәлелдей де алмайды», - деді ол.

Кей жағдайда қылмыскерлер қылмыс жасау үшін әдейі дәл шетелдік нөмірмен тіркелген көліктерді таңдап алатын көрінеді.

«Мәселен, Павлодар облысында үш отандасымыз арнайы ресейлік нөмірлі ВАЗ 2106 көлігін сатып алып, жергілікті бизнесменге қарақшылық шабуыл жасаған. Осыдан кейін осы «шестерканы» өртеп, дәлел-дәйектердің бәрінің көзін құртқан. Өкінішке қарай, мұндай қылмыстардың саны азаймай тұр», - деді ол.




Соңғы жаңалықтар