«Қазақстандық біріккен аралас жекпе-жек федерациясына» жаңа басшы сайланды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін ҚР Мәдениет және спорт министрлігінде «Қазақстандық біріккен аралас жекпе-жек федерациясы» Республикалық қоғамдық бірлестігінің кезектен тыс есептік сайлау отырысы өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл туралы қазақстандық біріккен аралас жекпе-жек федерациясының баспасөз қызметі мәлім етті.

Кездесуге ҚР Мәдениет және спорт министрі Райымқұлова Ақтоты, Қазақстанның Жауынгерлік өнер қауымдастығының президенті Әнуар Садықұлов, «Қазақстандық біріккен аралас жекпе-жек федерациясы» президенті Есенов Ғалымжан, «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ Басқарма төрағасы Алик Айдарбаев және құрылтай кеңесінің мүшелері қатысты.

Федерацияның бас директоры Валихан Тен ұйымның өткен жылғы жұмысын қорытындылады. Күн тәртібінің басты мәселесі - «Қазақстандық біріккен аралас жекпе-жек федерациясы» президентін сайлау болды.

Аталған қызметке «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ Басқарма төрағасы Алик Айдарбаев ұсынылды. Жаңа президентті сайламас бұрын жиналғандар аралас жекпе-жектің еліміздегі әлеуеті туралы айтып өтті.

ҚР Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова елімізде аралас жекпе-жектің қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті.

«Олимпиадалық емес спорт түрлері дамып жатқан кезде спорттық федерациялардың жұмысын біріздендіру маңызды. Бүгінгі таңда елімізде бұқаралық спорт түрлері жақсы дамып келеді. Бұл бағытта аралас жекпе-жек федерацияларының басын біріктіріп оны басқарып отырған Ғалымжан Шахмарданұлының жұмысын атап өту керек,», - деді Ақтоты Райымқұлова.

Жиында Қазақстанның Жауынгерлік өнер қауымдастығының президенті Әнуар Төлеуханұлы еліміздің халықаралық спорттық имиджін қалыптастырудағы аралас жекпе-жектің маңыздылығын атап өтті.

Қазақстандық біріккен аралас жекпе-жек федерациясы бас директоры Валихан Тен ұйымның өткен жылғы жұмысын қорытындылап, жаңа жылға жоспарлары туралы айтты.

Айта кетейік, күн тәртібінде Қазақстандық біріккен аралас жекпе-жек федерациясының жаңа басшысын сайлау мәселесі тұрған болатын. Аталған қызметке «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ Басқарма төрағасы Алик Айдарбаев сайланды.


Соңғы жаңалықтар