Қазақстандық боксшы қыздардың Әлем чемпионатының 1/2 финалдағы қарсыластары анықталды

None
None
ЫСТАНБҰЛ. ҚазАқпарат - Бокстан әйелдер арасындағы әлем чемпионатында қазақстандық спортшылардың жартылай финалдағы қарсыластары анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Түркияның Ыстанбұл қаласында өтіп жатқан әлемдік доданың жартылай финалында қазақстандық 5 спортшы бақ сынайды. Ақтық сынға кімдердің өтетінін бүгін, 18 мамыр күнгі жекпе-жектерде анықтайтын боламыз.

Жартылай финалдағы күндізгі сессия елорда уақытымен 16:55-де басталады. Боксшыларымыздың барлығы А рингінде шаршы алаңға шығады.

Қазақстандық Алуа Балқыбекова (48 келі) екінші жұпта болгариялық Севда Асеновамен қолғап түйістірсе, Жайна Шекербекова (52 келі) үшінші жұпта таиландтық Джутамас Джитпонгпен тартысқа түседі.

Ал 57 келіде бесінші жұпта Карина Ибрагимова тайбейлік Лин Ю Тинмен кездессе, 70 келіде оныншы жұпта Валентина Хальзова мозамбиктік Алсинда Хелена Пангуанмен финалға берілетін жолдаманы сарапқа салады.

Кешкі сессия 20:55-де басталады. Аталған сессияда 54 келіде төртінші жұпта Дина Жоламан румыниялық Лакрамиора Перишочпен кездеседі.

Дүбірлі дода 20 мамырда мәресіне жетеді. Қазақстан аумағында тікелей көрсетілімді «Qazsport» телеарнасы қамтамасыз етіп отыр.



Соңғы жаңалықтар