Қазақстандық боксшылардың IBF рейтингіндегі орны

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Халықаралық бокс федерациясының (IBF) жаңартылған рейтингі жарияланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат ВКонтакте желісіндегі «Қазақстанның кәсіпқой боксы» парақшасына сілтеме жасап.

Назарларыңызға қазақстандық боксшылардың позицияларын ұсынамыз:

Екінші орта салмақ бойынша Айдос Ербосынұлы төртінші орында қалды, ол ресейлік Евгений Шведенкодан бір жол төмен орналасқан. Рейтингінің алғашқы екі позициясы бос. IBF әлем чемпионы – АҚШ боксшысы Калеб Плант.⠀

Орта салмақтағы қазақстандықтардың рейтингі өзгермеді: Жәнібек Әлімханұлы – тоғызыншы, Мейірім Нұрсұлтанов – оныншы, ал Қанат Ислам 13-орында қалды. Әлем чемпионы титулы Геннадий Головкинге тиесілі, мұнда да алдыңғы екі позиция – бос, ал үшінші орында – Патрик Войцицки.

Жартылай орта салмақта Данияр Елеусінов бұрынғыша 14-орында қалды. Үздік үштік келесідей: Кудратилло Абдукахоров (Өзбекстан), Шон Портер мен Джарон Эннис (екеуі де – АҚШ).

Бірінші жартылай орта салмақта Батыр Жүкембаев та өзінің позициясын өзгертпеді – бұрынғыша 13-орында тұр. Рейтингіде аргентиналық Йеремиас Понсе көш бастаған. Одан кейін пуэрто-риколық боксшы Сабриэль Матиас пен аустралиялық Лиам Паро орналасқан. Осы салмақтағы IBF әлем чемпионы белдігін британдық Джош Тэйлор иеленген.


Соңғы жаңалықтар