Қазақстандық ғалымдар коронавирустың биологиялық сипаттамасын зерттеуге кірісті - Ерғали Әбдірайымов

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Отандық ғалымдар коронавирусқа қарсы вакцина жасау жұмыстарын қалай жүргізіп жатыр? Жалпы әлемде бұл індетке қарсы вакцина қашан әзірленбек? Осы және өзге сауалдарды Биологиялық қауіпсіздік проблемаларын ғылыми-зерттеу институты бас директорының ғылым жөніндегі орынбасары Ерғали Әбдірайымовқа қойған едік.

- Ерғали Орынбасарұлы, коронавирусқа вакцина әзірлеу жұмыстары қалай жүргізіліп жатыр және алғашқы нәтижелері қандай?

- Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша және Білім және ғылым министрлігінің қолдауымен отандық ғалымдар COVID-19 індетіне қарсы вакцина әзірлеуге кіріскенін БАҚ-та кеңінен хабарланған еді. Бүгінгі таңда вакцина әзірлеу 2 жетекші ғылыми орталыққа жүктелген. Оның бірі - Биологиялық қауіпсіздік проблемаларының ғылыми зерттеу институты.

COVID-19 індетінің жұқпалы екендігін ескере отырып, вакцина әзірлеу жұмыстарын жүргізу үшін ең алдымен қауіпсіздік талаптарын сақтау өте маңызды. Біздің институтта вакцина әзірлеу жұмыстары қауіпсіздік талаптарының 3-ші деңгейлі зертханасында жүргізіліп жатыр. Ол үшін бекітілген бірнеше кезеңнен тұратын жоспарымыз бар. Бүгінгі таңда ғалымдарымыз індеттің қоздырғышын бөліп алып, оның биологиялық сипаттамасын зерттеуге кірісіп кетті. Содан соң вакцина жасауға кандидатты штамм алу жұмыстарына кіріседі. Барлық зерттеулер жоспарлы түрде орындалуда.

- Сіздің ойыңызша, әлемде бұл індетке қарсы вакцина қашан шығуы мүмкін?

- Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметтеріне қарағанда, әлемде бірнеше вакцина 1-фазалық клиникалық сынақтардан өткізіліп жатыр. Осыдан бір-екі күн бұрын ғана Қытай ғалымдарының вакцинаның II-фазалық клиникалық сынақтарына кіріскені жөнінде ақпарат тарағаны да бар. Ол біткен соң вакцинаның қауіпсіздігін дәлелдеу үшін клиникалық сынақтардың III-фазасы өтеді. Сондықтан әлемдік сарапшылардың болжамына сүйенер болсақ, кең көлемде қолданылатын қауіпсіз вакцина 1-1,5 жыл арасында шығып қалады.

- АҚШ Remdesivir препаратын сәтті сынақтан өткізгені белгілі. Отандық ғалымдар да коронавирусқа арналған препарат дайындап жатқан шығар?

- Вирустық індеттің алдын алу мен күресуде ең тиімдісі вакцина екенін дәрігерлер мен ғалымдар дәлелдеген. Дегенмен, вирус тараған кезде оған қарсы қолданатын дәрінің де қажет екені айтпасақ та түсінікті. Бұқаралық ақпарат құралдарынан отандық ғалымдарымыз коронавирусты емдеуге арналған препараттар дайындап жатқанын оқып, біліп отырмыз. Яғни, бірнеше ғалымымыз, ғылыми ұйымдарымыз мұндай препарат дайындау бағытында жұмыс істеп жатыр. Алдағы уақытта ғалымдарымыздың нақты нәтижелерін естиміз деп ойлаймын.

Бірақ, кез келген індеттен немесе аурудан емдейтін дәрі шығару үшін алдымен қоздырғышын анықтап, оның биологиялық қасиеттерін зерттеп алу керек. Содан соң дәрілік немесе вирусқа қарсы препараттарды нақты қоздырғыштың қандай қасиетіне әсер ететіні зерттеледі. Оның ішінде ең негізгісі - қоздырғыштың өсу қабілетіне препараттың әсері.

- Жалпы коронавирусқа вакцина әзірлеуге отандық ғалымдарымыз, зертханалық құрал-жабдықтарымыз қаншалықты дайын?

- Егер зертхана құрал-жабдықтармен қамтылмаған болса, онда ешқандай зерттеулер жүргізу мүмкін емес. Осы жағынан алып қарағанда Биологиялық қауіпсіздік проблемаларының ғылыми зерттеу институты Қазақстанда зерттеуге қажетті құрал-жабдықтармен толықтай жабдықталған жетекші ғылыми орталық деп нық сеніммен айта аламыз. Бұған қоса, кез келген вирусқа қарсы вакцина әзірлеу үшін жоғары деңгейлі мамандардың болуы да өте маңызды екені белгілі. Ғалымдарымыз - еліміздегі өз саласының жетекші мамандары. Институт ғалымдары биотехнология, молекулалық биология, гендік инженерия әдістемелерін толық игерген және күнделікті өз жұмыстарында қолданады.

Қорыта айтқанда, отандық ғалымдар коронавирусқа қарсы вакцина әзірлеуде және жеке уақыттарымен санаспай қарқынды жұмыс істеп жүр. Барлық мүмкіндіктерін барынша сарқып, қызмет атқарып жатыр. Сондықтан Қазақстан коронавирусқа қарсы өз вакцинасын әзірлеп, оны пайдалануға енгізеді деп айтуға толықтай болады.

- Сұқбатыңызға рахмет!


Соңғы жаңалықтар