Қазақстандық өнер жұлдыздары жаңа жыл мерекесімен құттықтады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстандық өнер жұлдыздары әлеуметтік желідегі парақшасында өткен жыл қалай өткеніне есеп беріп, жаңа жыл мерекесімен құттықтады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Әнші Димаш Құдайберген жерлестері мен тыңдармандарын жаңа жыл мерекесімен құттықтап, шын жүректен алғыс айтты.

«Құрметті достар, сіздерді шын жүрегіммен жаңа жыл мерекесімен құттықтауға рұқсат етіңіздер! Еліміз аман, жұртымыз тыныш болғай! Әлем халқы аман болсын! Арайлап атқан әрбір таңымыз бізге ырыс-несібесімен, берекесімен келсін! Әлемде ешбір сәби жыламай, ешбір адам ауырмасын! Басты мақсатымыз, басты армандарымыз орындала берсін. Алға қойған мақсаттарымыз айқындалып, болашаққа кемел қадаммен нық басып, жаңа белестерді бағындыра берейік. Аман болыңыздар, бар болыңыздар! Жаңа жылдарыңыз құтты болсын! Барлық әлемдегі тыңдармандарыма, жерлестеріме шын жүректен рахметімді айта отырып, тағы бір мәрте құттықтаймын!», - деді Димаш Құдайберген Instagram парақшасына.

Әнші Мейрамбек Бесбаев да тағы бір жыл зу етіп өте шыққанын жазды.

«Тағы бір жыл зымырап өте шықты. Келер жыл баршамызға жайлы, құтты жыл болсын!», - деп жазды ол Instagram парақшасына.

Әнші Сәкен Майғазиев Instagram парақшасына 2020 жыл Тәңір қаһарланса төрткүл дүниені тарының қауызына сыйдыратынын көрсетіп, тәубемізге келтіргенін жазды.

«Қиындықтар артта қалсын, ардақтыларым. Әр кәлләда бір қиял. Әрбір жұмырбасты пенденің бір кем дүниесі бар. 2020 жылы қаншама асыл адамнан айырылдық. Барша марқұмның жаны жәннатта шалқысын. Енді қайғы-қасірет көрмейік құрметтілерім. Алла тағала жастардың төте өлімінен сақтағай.

2021 жылы қажылыққа, ізгілікке, берекеге, мерекеге, табысқа толы жыл болғай. Келер жылы бойдақтар адал жар тауып, әрбір қазақ баспаналы болып, бейбіт елде баянды ғұмыр кешейік!», - деді әнші.

Қарақат Әбілдина қазақстандықтарды жаңа жылдарымен құттықтады.

«Санаулы сағаттардан соң қош айтқалы тұрған 2020 жылды еш реніш-өкпесіз, «көрсеткеніңе шүкір» деп қана шығарып салмақпыз. Тап осы жылы өмірімнен жақыным кетіп, ең жақыным өмірге келді. Бәрі үшін ризамын....

Дәл осы жылы өз өмірімізге үңіліп, жан-жағымызға қарап, өз ішкі үнімізді тыңдап, жат болған жақыныңды танитын жыл болғандай. Өзіме солай білінді. Гастрольден гастроль, концерттен конуерт, бір ұшақтан түсе салып, бір ұшақпен ұшып кете баратын мен – отбасы, ошақ қасындағы, бес баланы бағып, алтыншысын тауып, ас-ауқатын әзірлеп, кір-қоңын жуып отыратын нағыз аяулы, қамқор анаға айналдым...

Құрметті қазақ еді! Келе жатқан жаңа жыл бәріміз үшін қайырлы, берекелі, несібелі жыл болсыншы. Басымыз аман, деніміз сау, төрт көзіміз түгел, төрт құбыламыз тең, сондай бір жақсы жыл болсын!», - деп жазды Қарақат Әбілдина Instagram парашасына.


Соңғы жаңалықтар