Қазақстандық парламентаризм қалай қалыптасты - сенатор Абдалы Нұралиев

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Биылғы жылы еркін елдің киелі тәуелсіздік датасымен қатар Қазақстан Республикасы Парламентінің құрылғанына 25 жыл толып отыр. ҚазАқпарат осынау атаулы күнге орай сенатор Абдалы Нұралиевтің мақаласын ұсынады.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылдың 21 қазаны күні Мәжіліс және мәслихат депутаттары сайлауын тағайындау туралы үндеуінде: «Біздің ортақ миссиямыз – Қазақстанды өркендету, азаматтарымыздың игілігі үшін қызмет ету. Қазақстан халқы аса маңызды тарихи сындарлы сәттерде бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығара білді. Халқымыз осы жолы да елімізді жан-жақты жаңғырту бағытындағы жаңа тарихи миссиясын лайықты атқарады деп сенемін. Тәуелсіздіктің 30 жылдығы қарсаңында еліміз кемелдене түсіп, дамудың жаңа кезеңіне шығатынымыз анық» деген болатын. Биылғы жылы еркін елдің киелі тәуелсіздік датасымен қатар дербес Қазақстан Республикасы Парламентінің құрылғанына 25 жыл толып отыр.

Ұшса құстың қанаты талатын, шапса тұлпардың тұяғы тозатын Ұлы Далада қазақ жұрты ғасырлар бойы атамекенді сыртқы жаулардан қасық қаны қалғанша қорғап, ұрпағына: «адалдықты, обал-сауапты және ынсап-қанағатты» білуді өсиет етіп, өзіндік шаруашылық жүргізу әдісі, салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы, мәдениет-өнерімен, көрші елдермен қарым-қатынас дағдысымен өмір сүрді. Осының бәрі қандайда бір ортақ тәртіп пен ереже-талаптарға, заңдар мен құқықтық нормаларға бағынды. Ел ішіндегі тіршілік түйткілдерінен туындайтын: жер дауы, жесір дауы және мал мен мүлік дауы секілді мәселелер, сондай-ақ, елдің есесі мен ар-намысы таразыға түсетін, мүддесі қорғалатын сыртқы саясаттағы дау-дамайлар да, сондай қалыпты ережелердің шеңберінде шешіліп отырды. Өткен ғасырлардан бізге бағалы мұра болып жеткен: «Қасымханның қасқа жолы» мен «Есімханның ескі жолы», Әз-Тәукенің «Жеті Жарғысы» осының жарқын дәлелі.

Тереңнен тартып айтар болсақ, парламентаризм тарихы - дәстүрлі қазақ қоғамындағы билер институтының маңызы халық құрылтайларынан да көрініс тапты. Хандық билік институты жанынан беделді ру басыларынан құрылған «билер алқасы» жұмыс атқарды. Бұл заңды талқылайтын ұйым іспетті болды. Тәукенің хандық құрған жылдарында Билер кеңесі тұрақты жұмыс істейтін құрылымға айналды. Ол кеңесушілік функцияларды атқарды, яғни билердің шешіміне хан да, қара да бағынды.

Жалпы алғанда, дәстүрлі қазақ қоғамында заңның орны айрықша болды. Даналықты пір тұтқан қазақ халқы парасаттылық пен имандылыққа тоқтап, адамгершіліктің «ала жібін» аттамауды ұрпақтан-ұрпаққа аманат-өсиет етіп, қабылданған заңды әділеттілік, ар, ұят, намыс немесе адалдық сияқты түсініктерге пара-пар басты құндылық пен тәртіптің басты шарты ретінде қарастырып келді.

Ресей патшалығы тұсында дала демократиясы құйтырқы саясаттың қолшоқпарына айналып, өзінің демократиялық бет-бейнелеу көрінісін жоғалтқанын айтуға болады.

Қазіргі Қазақстан Парламенті – алғаш рет Қазақ КСР-інің 1937 жылғы Конституциясы, ал содан кейін Қазақ КСР-інің 1978 жылғы Конституциясы мен Қазақстан Республикасының 1993 жылғы Конституциясы негізінде құрылған бір палаталы өкілді орган Жоғарғы Кеңестің орнына келді.

Жоғарғы Кеңес өзі жұмыс істеген кезде он үш рет сайланды. Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің алғашқы сайлауы 1938 жылғы 24 маусымға белгіленді. Сайлау жалпыға бiрдей, тең және төте сайлау құқығы негiзiнде жасырын дауыс беру арқылы өткiзiлдi. Ол уақытта депутаттар корпусын құру баламасыз негізде Коммунистік партияның қатаң бақылауымен жүргізілгенін атап өту керек. Депутаттыққа кандидаттар партия ұйымдары белгілеген таптық, партиялық, ұлттық, жыныстық-жастық және басқа да квоталар бойынша іріктелді. Сондықтан заң шығару органының құрамында қанша жұмысшы, колхозшы, қызметші, коммунист, комсомол мүшесі, қазақ, орыс, украин, сондай-ақ басқа да ұлт өкілдері, әйелдер, жастар және т.с.с. болатыны сайлау басталмастан бұрын белгіленетін. Мемлекеттік органдардың жоғары шенеуніктері, партия, комсомол және кәсіподақ органдарының басшылары атқарып жүрген қызмет лауазымдарына сәйкес депуттатыққа кандидат болып ұсынылатын.

1990 жылғы наурызда он екінші сайланған Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің сайлауы өтті. Бұл әкiмшiл-әмiршiл жүйенің ықпалы әлі де болса жеткілікті болып тұрған жағдайдағы республиканың жоғары заң шығару органының алғашқы неғұрлым демократиялық сайлауы болатын. Бұл сайлау толыққанды саяси партиялар болмаған жағдайда өткенімен, тоталитарлық жүйенің өзгеру процестеріне бұлжымас сипат берді.

Он екінші сайланған Жоғарғы Кеңес Қазақстан парламентаризмінің қалыптасу тарихында ерекше рөл атқарды. Бұл бірқатар аса маңызды құқықтық актілердің, мемлекеттік рәміздердің қабылдануында, 90-шы жылдардағы саясатын заңнамалық жағынан қамтамасыз етуде көрініс тапты.

Ымыраға келу жөніндегі екі жылдық ізденістерден кейін 1993 жылғы 28 қаңтарда Республика егемендігінің қалыптасуын заң жүзінде аяқтаған Қазақстанның кеңестік дәуірден кейінгі алғашқы Конституциясын қабылдады. Соның негізінде республикада демократиялық қоғам мен құқықтық мемлекет құруды қамтамасыз етудің жаңа сапалы кезеңіне көшу басталды.

Қазақстан Республикасының 1993 жылғы Конституциясымен Жоғарғы Кеңеске өте көп өкілдік берілді. Десекте, реформаларды одан әрі жүргізуде өкілді органдардың тиімсіздігі байқалды. Сонымен он екінші сайланған Жоғарғы Кеңестің тұрақты негізде істеген жекелеген органдарының жұмыс нәтижелері де кәсіби Парламент құрудың қажет екендігін көрсетті. Бұл республиканың өкілді органының қызметін мерзімінен бұрын тоқтатуға әкелді.

1994 жылғы 7 наурызда өткен сайлау, яғни он үшінші сайланған Жоғарғы Кеңес республикада көп партиялылықтың қалыптасуына ықпал етті. Уақытша регламентке сәйкес партиялар өкілдіктері негізінде Жоғарғы Кеңесте мынадай фракциялар құрылды: Қазақстан Халық бірлігі одағы, Қазақстан Халық Конгресі партиясы, Социалистік партия және Кәсіподақтар федерациясы, сондай-ақ, негізінен кәсіби белгісі бойынша қалыптасқан 14 депутаттық топ болды. Қазақстан тарихында тұңғыш рет саяси партиялар мен бірлестіктер биліктің өкілді органына келді. 1994-1995 жылдар қазақстандық парламентаризмнің қалыптасуындағы маңызды кезең болып табылады. Жоғарғы Кеңес бір жылдан сәл азырақ жұмыс істеп, заңсыз деп танылды.

Шаңырақ көтергеніне ширек ғасыр толған Қазақстан парламентаризмі сан қырлы саяси соқпақтардан сүрінбей өтіп, қазіргі таңда кәсіби заң шығарушы органға айналып үлгерді. Бұл 1995 жылы 30 тамызда өткізілген бүкіл халықтық референдум нәтижесінде қабылданған Конституция негізінде «Парламент» ұғымы алғаш рет ресми түрде бекітілді.

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: «Біз жаңа Конституция қабылдау арқылы Жоғары Кеңестің бет-бейнесін өзгертіп, елімізде саяси-экономикалық реформаларды іске асыру үшін заманауи заңдарды қабылдайтын қос палаталы кәсіби Парламент құрылды» деп атап өткен болатын. Бұл жаңа құрылым әлемдік практикада қабылданған парламентаризмнің қағидаттарына сай болды және Қазақстанда қос палаталы Парламентті құру арқылы қабылданатын заңдардың сапасын жақсартуға мүмкіндік берді.

Бұл өзгеріс Президенттік басқарудың жаңа жүйесі биліктің қоғамдағы орны мен жауапкершілігін арттырды. Яғни, жаңа Конституциямыздың 61-бабының 1-тармағына сәйкес заң шығару бастамасы мен құқығы Республика Президентіне, Парламент депутаттарына, Үкіметке берілді. Мемлекет басшысы лауазымы елдегі ең жоғарғы тұлғасы болып табылды. Парламент заң шығару қызметімен қатар, осы зандардың орындалуын бақылайтын мәртебеге ие болса, Конституцияның 3-бабының 4-тармағында «Республикада мемлекеттік билік біртұтас, ол Конституция мен заңдар негізінде заң шығарушы, атқарушы және сот тармақтарына бөліну, олардың тежемелік әрі тепе-теңдік жүйесін пайдалану арқылы, өзара іс-қимыл жасау ұстанымына сәйкес жүзеге асырылады» - деп көрсетілді.

Мемлекеттік билікті бөлудің принциптері елдің бірлігіне негізделген және елдегі саяси тұрақтылықты қамтамасыз етуге ықпал етеді.

Қос палаталы Парламенттің 1996 жылғы 30 қаңтарда өткен бірінші мәжілісінде Қазақстан Республикасы Президенті Н.Ә.Назарбаев: «...біз Қазақстанның шынайы, өркениетті парламентаризмінің мөлдір бастауында тұрмыз. Заң қабылдауда басты басымдық әлеуметтік экономикалық өсіп өркендеуге бағытталды» деп атап көрсетті.

Уақыт өте келе, парламентаризм дамуының негізгі бағыттары: жекелеген депутаттар деңгейінде де, жалпы Парламент деңгейінде де заң шығару қызметін кәсіптік дәрежеге көтеру; бір палаталы құрылыстан екіпалаталы құрылысқа көшу; Парламенттің ішінде депутаттық топтар құру т.б. болып белгіленді. Бұл құрылымның бұрынғы Жоғарғы Кеңестен айырмашылығы – екіпалаталы Парламент елдің заң шығару қызметін жүзеге асыратын, тұрақты жоғарғы сайланатын органға айналды. Сонымен Қазақстан Республикасы Конституциясына сәйкес Парламент тұрақты негiзде жұмыс iстейтiн екi Палатадан: Сенаттан және Мәжiлiстен тұрады.

Сенат әр облыстан, республикалық маңызы бар қаладан және Қазақстан Республикасының астанасынан екi адамнан, тиiсiнше облыстың, республикалық маңызы бар қаланың және республика астанасының барлық өкiлдi органдары депутаттарының бiрлескен отырысында сайланатын депутаттардан құралады.

Сенатта қоғамның ұлттық-мәдени және өзге де елеулі мүдделерінің білдірілуін қамтамасыз ету қажеттілігі ескеріліп, Сенаттың он бес депутатын Республика Президентi тағайындайды.

Мәжiлiс жүз жетi депутаттан тұрады. Мәжілістің тоқсан сегіз депутаты саяси партиялардан партиялық тізімдер бойынша бірыңғай жалпыұлттық сайлау округінен жалпыға бірдей, тең және төте сайлау құқығы негізінде жасырын дауыс беру арқылы сайланады. Мәжілістің тоғыз депутатын Қазақстан халқы Ассамблеясы сайлайды.

Қазақстан парламентаризмі тарихында тағы бір елеулі оқиға 2007 жылғы мамырдың 17-сі күні Президент ұсынуымен «Қазақстан Республикасы Конституциясына өзгерістер енгізу туралы» Заң қабылданды. Бұл құжат саяси реформалардың жалпыұлттық бағдарламасын іске асырудың, еліміздің құқықтық кеңістігінде терең өзгерістер жасаудың заңды нəтижесі болып табылды. Бұл саяси құжат – еліміздегі экономикалық табыстар мен қазақстандық əрбір отбасының əл-ауқатының артуына, өмір сүру стандарттарының өсуіне, Қазақстанның демократиялық дамуының жаңа кезеңіне әрі құқықтық кеңістігінде терең өзгерістер жасаудың заңды нəтижесі болумен қатар, демократиялық дамудың жаңа кезеңіне берік тұғыр жасап берді.

Нақты айтар болсақ, Президенттік басқару нысаны сақтала отырып, мемлекеттік басқару жүйесіндегі парламентаризмді күшейту жөнінде ұтымды шешім қабылданды. Келесі бір баб – сайлау жүйесін демократияландыру арқылы еліміздің қоғамдық-саяси дамуының тетіктерін нақтылады.

Одан кейінгі тағы бір оңтайлы қадам – Мәжіліс өкілеттігінің мерзімінен бұрын тоқтатылуынан туындаған оның уақытша болмауы кезеңінде парламентінің функциясын Сенат орындайтын маңызды мәртебеге ие болды. Негізінен алғанда, парламентаризм заңның және заң билігінің үстемдігін ғана білдіріп қоймайды, биліктің басқа тармақтарының – атқарушы биліктің және жекелеген жағдайларда сот билігінің дербестігінің және жауапкершілігінің жоғары дәрежелілігі бар екендігін танытады.

Қортындай айтсақ, қазіргі парламентаризм – жан-жақты дамып келе жатқан динамикалық құбылыс. Мəселені терең түсіну жəне оның даму бағыттарын айқындау, қазақстандық парламентаризм мен басқа əлемдегі қалыптасқан үлгілерді түсінуге жəне салыстырмалы талдау жасауға мүмкіндік беретіндігі айқын. Әсіресе, қос палаталы Парламент қабылдаған заңдар ең әуелі, мемлекеттің экономикалық үдірісін жетілдірумен қатар, еліміздің халықаралық қауымдастық алдындағы беделін арттыру, сондай-ақ қоғамдық қарым-қатынас мәселелерін құқықтық норманы сақтай отырып тепе-теңдік жағдайында өмір сүрудің әдеб-ибасын жалпыластыру сынды міндеттерді мүлтіксіз атқарып келді. Осы жылдары Парламент Сенаты Мәжіліс ұсынған заңдарды жетілдірумен қатар, оның орындалуын қадағалудың да тетіктерін де жетілдіруде.

Міне осылай, іске кіріскен қос палаталы Парламент ширек ғасыр уақытта мемлекеттің тұрақтылығы мен экономикалық жасампаздығын жетілдіру жолында аянбай еңбек етіп, көптеген заңдар қабылдады. Атап өтер болсақ, 1996 жылдың қаңтар айында жұмысын бастаған Парламент бірінші шақырылым депутаттары 497 заң қабылдаса, 1999 – 2004 жылдары еңбек еткен екінші шақырылым 604 заң, 2004 жылдың қыркүйегінен 2007 жылдың тамызы аралығында жұмыс жүргізген үшінші шақырылым дептутаттары 321 заң, 2007-2012 жылдары еңбек еткен төртінші шақырылым 570 заң, 2012-2016 жылдары міндет атқарған бесінші шақырылымда 506 заң, 2016-2020 жылдары қызмет атқарған алтыншы шақырылым 410 заңды дүниеге әкелді.

Алайда, еліміздегі парламентаризм оңай жүзеге асқан жоқ. Жаңа жағдайдағы парламент қызметі атымен жаңарып қоймай, өтпелі кезең мен мемлекеттілікті қалыптастыру жағдайында өрелі сипат алды. Талай сындарлы кезеңдерді бастан өткізген парламентаризм тарихына уақыт өз бағасын бере жатыр. Біздің пайымдауымызша, қос палаталы заң шығарушы орган әлеуметтік және ұлттық мүдделерді үйлестіре отырып, жалпыхалықтық, мемлекеттік мүддеге қызмет жасай білді. Болашақта осы межеден таймай, республикамыздың өркені мен еліміз тәуелсіздігі жолында бастамашы істердің ұйқысы болады деген ойдамыз.

Осы орайда, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жуықта «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланған «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында «Бостандық бізге оңайлықпен келген жоқ. Ата-бабаларымыз азаттық жолында арпалысты. Талай зұлмат замандар мен нәубеттерді бастан өткерді. Осының бәрі халықтың есінде сақталып, ұрпақтан ұрпаққа берілуге тиіс» дегеніндей, құрылғанына ширек ғасыр толып отырған қоспалаталы заң шығарушы құрылым ұрпақ болашағы мен мемлекеттің баянды келешегі үшін алдағы күндері нәтижелі жұмыс атқарарына сеніміз мол.

Биылғы жылы еліміз үшін ең қымбат мереке – тәуелсіздіктің 30 жылдығы мен қазақстандық парламентаризмнің 25 жылдық мерейлі межесі алда атқарылатын игі істердің, тәуелсіз елімізді нығайту жолында берекелі қадамдардың бастауы болғай!



Соңғы жаңалықтар