Қазақстандық теннисші Прагадағы турнирдің финалына шықты

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстандық Дмитрий Попко Прагадағы челленджер турнирінің финалына шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақстан теннис федерациясы мәлім еткеніндей, дүниежүзілік рейтингте 181-орында тұрған, осы жарыстың екінші ракеткасы болып тіркелген Д.Попко жартылай финалда аргентиналық Факунда Менамен шеберлік байқасты.

Қазақстандық теннисші 1 сағат 16 минутқа созылған матчта қарсыласын 6:1, 6:2 есебімен айқын басымдылықпен ұтты.

Д.Попко ойын барысында 4 эйс, 5 брейкке қол жеткізді.

Ф.Мена бір ғана брейкпен шектелді.

«Бүгін жақсы доп беріп, тез қимылдадым. Бұл маған жеңіске жетуіме мүмкіндік берді. Ертең чехиялық теннисшімен өтетін финалдық бәсеке оңайға түспейді. Өйткені ол топырақ төсенішінде керемет ойнайды, корт та жақсы таныс.

Дегенмен мен де бар күшімді салатын боламын», деді Д.Попко.

Осылайша қазақстандық теннисші спорттық жолында екінші рет челленджер додасының финалына шығып отыр.

Д.Попко финалда чехиялық Далибор Сврчинамен бас жүлдені сарапқа салады.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын қазақстандық теннисшінің Прагадағы турнирдің жартылай финалына шыққанын жазған болатынбыз.

Сондай-ақ қазақстандық теннисші Е.Рыбакина жұптық сында Монреаль турнирінің жартылай финалына шықты.




Соңғы жаңалықтар