Қазақстандық үш фильм Тәжікстанда көрсетіледі

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Қазақстандық үш фильм Тәжікстанда көрсетіледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат «Қазақфильмге» сілтеме жасап.

Душанбе қаласында 16-20 қазан аралығында тәжік киносының күніне орай деректі фильмдерге арналған «Дидор» халықаралық кинофестивалі өтеді. Бұл байқаудың халықаралық конкурстық бағдарламасында режиссер Владимир Тюлькин түсірген «13 шақырым» деректі фильмі көрсетіледі.

Аталған деректі фильм Серік Боданбаев есімді зағип туралы баяндайды. Қыстаудан өз ауылына қарай бет алған басты кейіпкер өз өмірінің елеулі сәттерін еске алып, өз бойындағы құндылықтарының сырын ашады. Кинотуындыны ҚР Мәдениет және спорт министрлігі тапсырысы бойынша Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы түсірген.

«Дидор» кинофестивалінің конкурстан тыс – әлемдік авторлық деректі фильмдерге арналған бағдарламасы шеңберінде «Қазақфильм» киностудиясы шығарған «Ата кәсіп» (реж.Берік Жаханов) және «Чуваш халқы. Қазақстан – менің екінші отаным» (реж. Динара Манабаева) атты деректі фильмдер көрсетіледі.

Аталмыш кинофестиваль Тәжікстан үкіметі және «Тәжікфильм» Мемлекеттік ұйымының қолдауымен ұйымдастырылған. Жалпы кинофестиваль (көркем және анимациялық байқауы) Душанбе қаласында 2004 жылдан бастап өткізіледі. Биыл ұйымдастырылған деректі фильмдер фестивалі алғаш рет өткізілмек.

Ұйымдастырушылардың айтуына қарағанда биыл фестивальге қатысуға 200-ге жуық фильм үміт білдірген. Нәтижесінде байқаудың іріктеу комиссиясы 15 елден 57 деректі фильмді таңдап алған.

Соңғы жаңалықтар