Қазақстандық және шетелдік дипломаттар астанада ағаш отырғызды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстандық және шетелдік дипломаттар бүкіл ел бойынша өткен ағаш отырғызу акциясына қатысты. Шараға 150-ден астам адам атсалысты. Оның ішінде отбасы мүшелерімен бірге келген 70-ке жуық дипломатиялық корпус өкілі бар. Бұл туралы ҚазАқпарат ҚР Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Елордада көгалдандыру үшін әртүрлі алаңдар, атап айтқанда Ұлы дала, Шыңғыс Айтматов көшесі, Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған монументтің жанындағы сквер және Ботаникалық бақ таңдалды. Онда қарағай, қайың, шаған, терек, жөке, бөртегүл, үйеңкі және алма ағаштары отырғызылды.

«Сыртқы саяси ведомствоға бекітілген учаскеде СІМ басшысы Мұхтар Тілеуберді астананы көгалдандыру бойынша акцияға қатысуға ниет білдірген министрлік қызметкерлері мен дипломатиялық корпусқа алғыс айтып, акцияға қатысушылармен бірге бірнеше ағаш отырғызды. Сонымен қатар, осындай акциялар жүйелі түрде өткізілетініне сенім білдірді, себебі біздің қаланы жасыл және гүлдендіру өте маңызды екенін атап өтті.Сондай-ақ, дипломаттарға алғыс айту үшін іс-шараға қала әкімі Алтай Көлгінов те келіп қатысты», - делінген ведомство ақпаратында.

Бүгінгі экологиялық шараға Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың да қатысқанын жазған болатынбыз.

Айта кетейік, Нұр-Сұлтан қаласында 16 қыркүйек-13 қазан аралығында экологиялық айлық өтіп жатыр. Оның аясында 12 қазан күні Нұр-Сұлтанда ағаш отырғызу акциясы өтетіні белгіленген еді.

Бүкіләлемдік жасыл желек отырғызу күніне орайластырылған шара еліміздің барлық өңірінде қолдау тапты.

ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев атап өткендей, 12 қазан күнгі кампания барысында және жалпы күз айының соңына дейін республикада 1 миллионға жуық ағаш отырғызылады.

Соңғы жаңалықтар