Қазақстандық жас мамандардың 35 пайызы бірден бастық болғысы келеді - сарапшы

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстандық жас түлектердің біразы мемлекет тарапынан жүзеге асып жатқан бағдарламалардан хабарсыз. Және жас мамандардың 35 пайыздан астамы жұмыста лауазымдық қызметті қалайды екен. Бұл туралы толығырақ «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқарма төрағасының орынбасары Олжас Ордабаев айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бүгінде Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қаласында «Еңбекпен қамтудың мобильді орталығы» атты жоба жүзеге асып жатыр. Мегаполистердегі мобильді орталықтар халық жиі орналасқан және шет аудандар мен базарларда қызмет етуде. Яғни, орталық мамандары аталған аумақтарда жастарға білім беру мен еңбекпен қамтуға қатысты кеңес береді. Өкінішке қарай, көптеген жастар мемлекет тарапынан қандай бағдарламалардың жүзеге асып жатқанынан бейхабар», - деді Олжас Ордабаев «Хабар-24» телеарнасының «Интервью» бағдарламасының эфирінде.

Оның айтуынша, қолында дипломы бар түлек жұмыс іздеу жолында қайда жүгіну керектігін біле бермейді.

Сондай-ақ, эфир қонағы қазіргі жастардың лауазымдық қызметке құмар екенін алға тартты.

«Бізге жүгінетін жастардың 35 пайыздан астамы еңбек өтілі мен жұмыс тәжірибесіне қарамастан, лауазымды қызметті қарастырады. Яғни, жетекшілік қызметке қызығушылық танытады. Қатардағы қызметкер емес, бірден басқарғысы келеді», - дейді ол.

Бұған дейін «Атамекен» ҰКП өкілі Қазақстанда оқу бітірген жастардың жұмыс таба алмауының себебін түсіндірген еді.

Соңғы жаңалықтар