Қазақстандық жас теннисшілер халықаралық турнирлерде жақсы нәтиже көрсетті

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстандық Зара Дәркен, Қарақат Қойлыбаева және Әдемі Аманкелді ITF Juniors турнирлерінде жақсы нәтиже көрсетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақстан теннис федерациясынан мәлім еткеніндей, Чолпон-Ата (Қырғызстан) және Карфаген (Тунис) қалаларында 18 жасқа дейінгілер арасында халықаралық жарыстар мәреге жетті.

Тунистегі төртінші санаттағы додада Ақтөбе теннис мектебінің түлегі, 14 жасар Зара Дәркен финалист атанды. Ол бас жүлде үшін соңғы бәсекеде ғана корт иесі Мерейм Бен Эзедейнге жол берді – 4:6, 7:5, 5:7.

Биыл жыл басында Зара бапкерлік штабымен бірге 18 жасқа дейінгілер арасында ITF жарыстарында ойнауды ұйғарды. Карфагендегі финал – әзірге оның үздік көрсеткіші.

Чолпон-Атада бесінші санаттағы додада Шымкент теннис мектебінің түлектері қуантты. 16 жасар Әдемі Аманкелді жекелей сында финалға дейін жетіп, тартысты матчта қырғызстандық Владислава Андреевскаядан ұтылды – 1:6, 6:1, 6:7 (1:7). Ал 15 жасар Қарақат Қойлыбаева жұптық сында В.Андреевскаямен бірге финалда ресейліктер Анастасия Кошелева – Инга Зегені жеңіп, чемпион атанды – 6:4, 7:5.

Тағы бір қазақстандық Сандуғаш Кенжебаева Уимблдон жасөспірімдер турнирінің екінші айналымына шыға алмады. Ол америкалық Алексис Блохинаға есе жіберді – 3:6, 3:6. Бұл Сандуғаштың өз спорттық жолындағы алғашқы «Үлкен дулыға» жарысы еді. Дегенмен Сандуғаш Аружан Сағындықова және Жанель Рүстемовамен бірге Уимблдоннан кете қойған жоқ. С.Кенжебаева Ж.Рүстемовамен, А.Сағындықова сербиялық Андреа Обрадовичпен бірге жұптық сында өнер көрсетеді. Жеребе бүгін тартылады.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын теннисші Дмитрий Попконың Испаниядағы жарыстың чемпионы атанғанын, елордада Президент кубогы үшін теннистен халықаралық турнирлер өтетінін жазған болатынбыз.

Фото: ktf.kz


Соңғы жаңалықтар