Қазақстандықтар «Сәуір айының үздік спортшысына» дауыс беруде

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Ұлттық Олимпиада комитеті «Сәуір айының үздік спортшысына» дауыс беру басталғанын жариялады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Сәуір айы қазақстандық спортшылар үшін өте тартысты өтті. Отандық атлеттер өткен айда халықаралық аренада ел намысын абыроймен қорғап, команда қоржынын медальмен толықтырды. Жеңіп алған жүлделердің әрқайссы өздігінше құнды, ерекше. Әсіресе, Олимпиада маусымы қарсаңында төрт жылдықтықтың басты додасына бір табан жақындағандықтан әрбір жүлденің салмағы арта түсуде.

Дауыс беру Olympic.kz сайтының негізгі бетінде өтуде және 8 мамыр, Нұр-Сұлтан уақытымен сағат 13:00-ге дейін жалғасады.

«Сәуір айының үздік спортшысы» атағына 6 қазақстандық үміткер:


Абиба Абужақынова, дзюдо



Биылғы Азия және Океания чемпионатында Абиба Абужақынова Қазақстан құрамасының қоржынына күміс медаль сыйлады. Ол финалға дейін қарсылас шақ келтірмей, тек ақтық сында қарсыласына есе жіберді. Айта кетерлігі, осы уақытқа дейін жастар сапында күрескен Абиба биыл ересектер арасындағы Азия чемпионатына бірінші рет қатысып, бірден жеңіс тұғырынан көрінді.


Нұрсултан Тұрсынов, грек-рим күресі


Сәуір айының басында Алматыда күрес түрлерінен Азия іріктеу турнирі өтті. Құрлықтық іріктеу додасында 87 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде топ жарған Нұрсұлтан Тұрсынов грек-рим күресінен Қазақстан командасына Токио Олимпиадасының жолдамасын әкелді. Жартылай финалда үндістандық Сунил Кумарды жеңіп, финалға шықты. Жарыс ережесі бойынша, Азия іріктеу турнирінің финалына шыққандар Олимпиада лицензиясына иелік етеді. Айта кетерлігі, күрес түрлерінде Олимпиада ойындарына жолдама спортшыға емес, командаға беріледі.


Татьяна Ахметова, әйелдер күресі

Алматыда өткен Азия іріктеу турнирінде #teamKZ қоржынына тағы бір жолдама түсті. Күрестен әйелдер құрама командасының мүшесі Татьяна Ахметова ерлікпен жолдаманы жеңіп алды. Ол жарақатына қарамастан жартылай финалда қарсыласынан 11:1 есебімен жеңісті жұлып алды. Нәтижесінде, Татьяна 53 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде Токио Олимпиада ойындарының жолдамасын Қазақстан қоржынына сыйлады.


Юсуп Батырмурзаев, еркін күрес

Күрес түрлерінен Алматыда өткен құрлықтық бәсекеде Қазақстанға үшінші жолдаманы еркін күрес шебері Юсуп Батырмурзаев әкелді. 125 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде бақ сынаған ол Олимпиада жолдамасымен қатар, жарыс жеңімпазы да атанды. Жолдаманы ол жартылай финалдық белдесуде үндістандық Самит Самитті ұтып, жеңіп алды.


Елена Потапенко мен Владислав Мищенко, қазіргі бессайыс


Қазіргі бессайыстан Қазақстан құрама спортшылары үшін Софиядағы әлем кубогі сәтті аяқталды. Қазақстандық спортшылар Елена Потапенко мен Владислав Мищенко микст-эстафетасы бойынша алтын жеңіп алды. Аталған жарысқа барлығы 19 команда қатысты. Жүзу, семсерлесу, атпен жүру және лазер-ран бойынша ел құрамасы 1442 ұпай жинап, жарыста топ жарды.


Арли Чонтей, ауыр атлетика

Өзбекстанда ауыр атлетикадан өткен Азия чемпионатында Қазақстан командасының қоржынына алтын медальді Арли Чонтей жеңіп алды. 55 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде бақ сынаған ол қоссайыс нәтижесі бойынша 225 (115+140) келіні бағындырды. Дәл осы жетістік Қазақстанның жеңіс тұғрынынан көрінуге мүмкіндік сыйлады.


Соңғы жаңалықтар