Қазақстандықтар шілдеде 2,7 мыңнан астам алтын құйма сатып алды

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат –Ел тұрғындары 2020 жылғы шілде айында 2700-ден астам алтын құйма сатып алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР Ұлттық банкінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«2020 жылғы шілдеде ел тұрғындары екінші деңгейдегі банктерден және банктік емес айырбастау пунктерінен жалпы салмағы 113,1 келі 2 712 өлшемді құйма сатып алды»,– делінген хабарламада.

Алтын құймалары 5, 10, 20, 50 және 100 грамдық болып бес салмақта сатылған. Соның ішінде ең көп сатылғаны 10 грамдық құйма.

Оның сатып алуда Алматы қаласы (сатылған құйманың 54%), одан кейін Атырау (16%), Нұр-Сұлтан (10%) көшбастады. Басқа өңірлерде бұл көрсеткіш 20% болды.

«Кері сатып алуға жалпы массасы 3 келіні құрайтын 114 өлшемді құйма қабылданды. Алтын құймалары – инвестициялаудың сенімді құралы. Банктердің және банктік емес айырбастау пунктерінің клиентке «сол күні» ақша төлей отырып, құймаларды кері сатып алу мүмкіндігі – алтын құймалары нарығының өтімділігін қамтамасыз етудің негізгі факторы»,– деп хабарлады Ұлттық банк.

Қазіргі кезде алтын құймаларын Halyk Bank-тен, Еуразиялық анктен, Jýsan Bank-тен, Банк ЦентрКредиттен, сондай-ақ айырбастау пунктерінен сатып алуға және оларды қайта өткізуге болады.

Әрбір құйма қорғаныш элементтерімен (құймалардың бет жағы айнадай, микромәтін және бедерлі гурт) және құймаларды механикалық зақымданудан қорғайтын және орауы ашылғанын немесе ашылмағанын тез анықтауға мүмкіндік беретін арнайы орауда шығарылады. Қорғаныш орауы құйма сапасының сертификатын білдіреді.

Ұлттық банкі алтын құймасын сату бағдарламасын 2017 жылы іске қосты. 2017 жылдан бастап жалпы салмағы 1,1 тонна 30 855 өлшемді құйма сатылды.


Соңғы жаңалықтар