Қазақстандықтар зейнетақы жинағын қайда жұмсайды

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры қазақстандықтардың зейнетақы жинағын қалай қолданатынын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

1 наурыздағы жағдай бойынша БЖЗҚ-ға зейнетақы жинағын зейнетақы портфелін басқарушыға (ИПБ) аударуға 238 өтініш түсті. Аударымның жалпы сомасы 692 млн теңгеден асады. Орташа сомасы - 3 млн теңге.

Зейнетақы жинағын ИПБ-ға аударуға өтініштердің 50% астамы Алматы қаласының тұрғындарынан келіп түскен. Олар орта есеппен 2,5 млн теңге аударады.

Елорда тұрғындарынан аударымға өтініштердің шамамен 19% түсті және олар ИПБ-ға орта есеппен 3,8 млн теңгені сеніп тапсыруға дайын.

Берілген өтініштердің саны бойынша үшінші орында – Қарағанды облысы (4,2%). Аударымның орташа сомасы 1,2 млн теңге.

ИПБ-ға жасалатын аударымның ең көп орташа сомасы – 11,4 млн теңгеден астам сома Солтүстік Қазақстан облысында тіркелген.

Мұнда тек 2 өтініш берілді, бірақ жалпы сомасы - 23 млн теңге.

Салымшының зейнетақы жинақтары ИПБ басқаруына:

- салымшының БЖЗҚ-дағы зейнетақы жинақтарының нақты сомасы мен зейнетақы жинақтарының ең төмен жеткіліктілік шегі арасындағы айырмадан аспайтын мөлшерде; немесе

- өмір бойғы төлемдерді көздейтін сақтандыру ұйымымен зейнетақы аннуитеті шарты жасалған жағдайда, салымшының БЖЗҚ-дағы шотындағы зейнетақы жинақтарының қалдығынан аспайтын мөлшерде берілуі мүмкін.

Зейнетақы жинақтарының бір бөлігін ИПБ-ның сенімгерлікпен басқаруына аудару салымшыдан өтініш түскен күннен кейінгі күнтізбелік отыз күн ішінде жүзеге асырылатын болады. Зейнетақы жинақтарының қалған бөлігі Ұлттық банктің басқаруында қалады. Ал БЖЗҚ зейнетақы жинақтарын есепке алуды жалғастырады.

1 наурыздағы жағдай бойынша зейнетақы жинақтарын емделуге пайдалану туралы 737 өтініш берілген. Аударымның жалпы сомасы 2 млрд теңгеден асады.

271 өтініш орындалып, уәкілетті операторларда ашылған салымшылардың арнайы шоттарына 277,7 млн теңге аударылды.

Қазақстандықтар емделуге орташа есеппен 1 млн теңге аударады. Өтініштердің басым бөлігі Алматы қаласы (20,9%), Нұр-Сұлтан қаласы (18,6%) және Атырау облысының (7,3%) тұрғындарынан келіп түсті.

2021 жылғы 1 наурызға уәкілетті операторлардан тұрғын үй жағдайларын жақсарту мақсатында біржолғы зейнетақы төлемдерін жүзеге асыруға 181 842 өтініш түсті.

Жалпы сомасы 643,1 млрд. теңгеден асатын 121 809 өтініш орындалды. Салымшылардың арнайы шоттарына түскен төлемдердің орташа сомасы 5,3 млн теңгеден асады.


Соңғы жаңалықтар