Қазақстандықтардың банктегі шоттарына қойылған шектеулер алынады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Төтенше жағдай кезінде жеке тұлғалардың банктік шоттарына қойылған шектеулер алынады. Бұл туралы ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінен мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау шеңберінде Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төтенше жағдайға байланысты табысынан айырылған адамдарға 42500 теңге сомасында ай сайынғы әлеуметтік көмек аудару басталды.

«Осыған орай, аумақтық Мемлекеттік кірістер департаменттері тәуекел дәрежесі жоғары салық төлеушілерді қоспағанда, дара кәсіпкер ретінде тіркеуде тұрған жеке тұлғаларға және жеке практикамен айналысатын тұлғаларға қатысты шығарылған банк шоттары бойынша шығыс операцияларын тоқтата тұру туралы өкімдер мен инкассалық өкімдерді қолдап кері қайтаруда.

Сондай-ақ, комитет тарапынан Әділет министрлігіне және Жеке сот орындаушылардың республикалық палатасына бұрын шығарылған сот бұйрықтары мен шешімдерін, сондай-ақ жіберілген салық бұйрықтары бойынша азаматтардың кез келген шоттарына салынған тыйым салудың әрекеттерін уақытша тоқтата тұруды және жеке тұлғаның берешегін өндіріп алу туралы орындаудағы салық бұйрықтары бойынша тыйым салуды тоқтата тұруды сұрап, хат жолдады», - делінген ақпаратта.

Еске сала кетейік, осыған дейін микро, шағын немесе орта кәсіпкерлік субъектілері санатына жатқызылған салық төлеушілер үшін салықтардың барлық түрі мен әлеуметтік төлемдер бойынша төлем мерзімі 2020 жылдың 1 маусымына дейін кейінге қалдырылды. Сондай-ақ тәуекел дәрежесі жоғары салық төлеушілерді қоспағанда, салық және кеден берешегін, әлеуметтік төлемдер бойынша берешекті мәжбүрлеп өндіріп алу шараларын және мерзімінде орындалмаған салық міндеттемесін орындауды қамтамасыз ету тәсілдерін қолдану ағымдағы жылдың 1 маусымына дейін тоқтатылды (ҚР Үкіметінің 2020 жылғы 27 наурыздағы № 141 қаулысының 4.1) және 4.2)-тармақшалары).


Соңғы жаңалықтар