Қазақстанға бір мыңнан астам кинозал қажет – Гүлнәр Сәрсенова

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Ұлттық киноны қолдау орталығының басшысы Гүлнәр Сәрсенованың пікірінше, Қазақстанда отандық киноиндустрия саласын дамытып, кинозалдарды көптеп ашу қажет, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Өткен жылдың есебі бойынша, еліміздегі 91 кинотеатрда 400-ге жуық кинозал бар. Бұл Қазақстан үшін өте аз. Біз фильмді дамытуымыз керек. Отандық фильмдердің үлесін арттыру қажет. Былтыр 350-ге жуық фильм прокатқа шықты, оның 48-і - қазақстандық. Жалпы 70-ке жуық туынды түсірілді, бірақ тек 48-і ғана экранға жетті», - дейді Гүлнәр Сәрсенова.

Оның айтуынша, елімізде кинотеатрлар санын көбейту мақсатында арнайы бағдарлама жасалуда.

«Бұл бағдарлама қажет. Кейбір қалаларда, ірі облыс орталықтарында кинозал жоқ. Біз бағдарламаны әзірлеп, мемлекеттен осы мәселеде ішінара көмектесуін сұраймыз. Бұл бағдарламаны қолдайтындар бар. Отандық фильмдер көптеп көрсетілуі тиіс. Бағдарлама бюджеті қомақты, десек те бізге бір мыңнан астам кинозал қажет. Тіпті 1500 ашсақ та артық етпейді.Сонда қазақстандық кинематографияның кірістілігі 4 есе артады», - деді ол.

Бұған дейін, Гүлнәр Сәрсенова кинотеатрларға автоматандырылған «бірыңғай кинобилет» жүйесінің енгізілетінін айтқан болатын.



Соңғы жаңалықтар