Қазақстанға карантин талаптарын бұзып өнім әкелгендер жазаланды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстан аумағына басқа елдерден карантинге жатқызылған өнім әкелудің 76 фактісі анықталды. Бұл туралы ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінен мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«2021 жылдың 17-24 қыркүйегі аралығында өсімдіктер карантині жөніндегі мемлекеттік инспекторлар карантинге жатқызылған өнімді басқа елдерден Қазақстан Республикасының аумағына әкелу кезінде 76 заң бұзушылықты анықтады. Ресей Федерациясынан 595,4 тонна бидай, арпа, картоп, қызанақ, қияр, қырыққабат, бұрыш, алма, банан, жаңғақтар, кептірілген жемістер, 82,5 текшеметр ағаш, Қырғызстан Республикасынан 43,1 тонна картоп, бұрыш, таңқурай, құлпынай және қарақат, Өзбекстан Республикасынан 17,4 тонна алма, қара өрік, қызылша, жүзім, жоңышқа тұқымдары мен гүл көшеттері, Ауғанстаннан жеткізілген 20 тонна кептірілген өрік карантиндік бақылау жүргізу кезінде фитосанитариялық талаптарға сай келмейтіндігін анықталды», - деп атап өтеді министрлікте.

Ведомство мәліметінше, осыған орай өсімдіктер карантині саласындағы заңнаманы бұзуға жол берген тұлғалар ҚР ӘҚБтК-нің 400-бабымен әкімшілік жауапкершілікке тартылып, оларға жалпы сомасы 4,2 млн теңге айыппұл салынды. Негізгі заң бұзушылықтар фитосанитариялық сертификаттың болмауы, тауардың таңбаланбауы мен карантинге жатқызылған өнімді қайтадан тексертпеуге қатысты.

Сонымен қатар, жыл басынан бері ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Агроөнеркәсіп кешеніндегі мемлекеттік инспекция комитетінің өсімдіктер карантині жөніндегі инспекторлары 4 мыңға жуық заң бұзушылықты анықтады. 308 млн теңгеден астам әкімшілік айыппұл салынды.


Соңғы жаңалықтар