«Қазақстанның 100 жаңа есімі»: Үшінші кезеңге өтінім қабылдау аяқталды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының үшінші кезеңіне өтінімдерді қабылдау аяқталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат «Хабар 24» арнасына сілтеме жасап.

Жоба биылғы жылы жасы 39-дан аспаған жастарға арналып отыр. Жеңімпаздар 5 қараша күні онлайн-ауыс беру арқылы анықталады.

«100 жаңа есімнің» мақсаты – жетістікке жеткен тұлғалардың табыс сырын бұқараға жеткізіп, жастарды сондай қадамдарға шабыттандыру. Мәселен, жобаның бірінші кезеңіндегі жеңімпаз Рахат-Би Әбдісағин жеңімпаз атанғаннан кейінгі екі жылдың жемісті болғанын айтады. «Қазақтың Моцарты» атанып кеткен ол бүгінде өз елін әлемдік деңгейде танытып жүр.

«Өмірдің өзі шабыттың көзі. 2017 жылдың 1 желтоқсаны күні Елбасымен біздің тарихи кездесуіміз болды. Сол кезден шабыт алып, қазір 2 жыл өтті, сол уақыттың ішінде 30 музыкалық шығарма жаздым. Оның ішінде 21 камералық, 9 симфониялық туынды», - дейді жоба жеңімпазы, композитор Рахат-би Әбдісағин.

Еске салайық, «Қазақстанның 2019 жылғы 100 жаңа есімі: жас қазақстандықтардың табыс тарихы» жобасына өтінімдерді қабылдау биылғы 1 қазанда басталды. Еліміздің түкпір-түкпіріндегі кейіпкерлерді қамту үшін өтінімдерді тіркеудің аяқталу мерзімі бастапқы белгіленген 20 қазаннан 1 қарашаға дейін ұзартылды.

Жобаның үшінші кезеңі Жастар жылына арналып, оның талаптарына аздаған өзгерістер енгізілді. «Біріншіден, жаңа есімдерді іздеуге алдыңғы маусым жеңімпаздары атсалысады. Бұл бастаманы жеңімпаздардың өздері көтерді, олар Бюро100 қозғалысын құрды. Осылайша, жаңа жеңімпаздарды табуға көмектеседі. Екіншіден, жеңімпаздарды іріктейтін құзырлы қазылар алқасы құрылады. Үшіншіден, кез келген адам жобаға өзін ұсына алады. Бұған дейін үміткерді екінші адамның ұсынуы міндетті болған еді. Биыл бұл шартты алып тастадық», - деген болатын Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев.

Жоспар бойынша үшінші кезең жеңімпаздары биылғы желтоқсан айында ел басшылығымен кездесуге қатысады. Айта кетсек, екінші кезеңде топ жарып шыққан 102 қатысушы ҚР Тұңғыш Президенті-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен өткен кешке қатысқан болатын.

Соңғы жаңалықтар