Қазақстанның 2 өңірінде «Халық қатысатын бюджет» пилоттық жобасы басталды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Қаржы вице-министрі Руслан Еңсебаев «Халық қатысатын бюджет» пилоттық жобасының қалай жүргізіліп жатқанын айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оның айтуынша, ашық бюджеттердің негізгі бағыттары бюджеттерді қарастыруға халықтың қатысу мәселелеріне қатысты.

«Қазақстанда бірқатар бастамалар жүзеге асып жатыр. Атап айтқанда, интерактивті, графикалық нысанда ақпарат ұсынылатын азаматтық бюджет ұғымы енгізілді. «Е-Қаржы министрлігі» жобасы аясында қаржылық есеп пен бюджеттің атқарылуы бойынша ақпарат топтастырылды. Енді ақпарат Excel есептері түрінде емес, қолжетімді форматта ұсынылады. Бізде бизнес немесе аналитикалық агенттіктердің өз жүйесінде дереккөздерді біріктіретін бастамалары бар. Біз деректер жиынтығын кеңейту бойынша жұмыс істеп жатырмыз. Ашық бюджеттер порталы бар, онда мемлекеттік органдар Excel формасында деректерді қолмен толтырады, бұл ақпараттың дер кезінде берілмейтіні туралы сынға әкеп соғады. Бірақ қазір e-qyzmet-пен интеграция жасалған соң, ақпарат уақытылы және өзекті болады», - деді Р. Еңсебаев ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі ұйымдастырған Ақпаратқа қол жеткізу мәселелері жөніндегі комиссия отырысында.

Сонымен бірге, вице-министр ppublic.budget.kz – Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің интерактивті картасы туралы айтып берді.

«Бұл – бюджетті игеру бойынша ақпаратты интерактивті түрде көрсетуге мүмкіндік беретін дұрыс бастама. Дәлірек айтқанда, графикалық нысанды – оның суретін, құрылыстың қазіргі жағдайын, төлемдерді, осы жобаны іске асыру қаражатын қалай игергенін көруге болады», - деп түсіндірді Р.Еңсебаев.

Министрлік өкілі биыл Алматы мен Нұр-Сұлтанда пилоттық режимде басталған «Халық қатысатын бюджет» жобасын да атап өтті. Жобаны енгізу бөлігінде халықаралық тәжірибе ескерілген.

«Бір жағынан, бұл – азаматтардың аулаларды, спорт алаңдарын абаттандыру мәселелері бойынша нақты қажеттіліктері. Жақсы мысалдар бар. Біз пилоттық қалалар аясында бұл бастаманың әсерін көрдік. Жоба аясында біз нормативтік базаны жетілдірдік, өзгерістер енгіздік, халық қатысатын бюджет ұғымдары анықталды», - деп атап өтті Р. Еңсебаев.


Соңғы жаңалықтар