Қазақстанның 40% аумағы сейсмикалық қауіпті аймақтарға жатады

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат– Алматыда  ТМД елдерінің сейсмикаға төзімді құрылыс  саласындағы Базалық ұйымының бірінші отырысы өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Шараға Қазақстан, Ресей, Беларусь, Армения, Қырғызстан, Өзбекстан және басқа да ТМД елдерінің құрылыс саласындағы бейіндік министрлік өкілдері мен сарапшылары қатысты.

Жиын барысында «Сейсмикалық аудандардағы құрылыс» ТМД елдері үшін бірыңғай нормативтерді әзірлеу тәсілдері талқыланды. Сондай-ақ ТМД елдерінің сейсмикаға төзімді құрылысы бойынша нормативтік құжаттардың бірыңғай ақпараттық базасын қалыптастыру мүмкіндігі қарастырылды.

Сейсмикаға төзімді құрылыс саласындағы күштерді біріктіру және кадрлық әлеуетті көтеру мақсатында ғылыми кеңес құрылды.

«Жыл сайын әлемде сейсмикалық қауіпті аудандардың саны ұлғаюда. Қазіргі уақытта Қазақстанның 40%-дан астам аумағы сейсмикалық қауіпті аймақтарға жатқызылады. Біз ТМД елдерінің сейсмикаға төзімді құрылыс саласындағы нормативтерді үйлестіру шешімі тарихи маңызды және ақталған деп санаймыз. Бірлесіп күш салудың арқасында біз ТЖ болжауға және апатты қираудың алдын алуға көмектесетін, сейсмикаға төзімді құрылыс саласындағы тәжірибені сақтай отырып, оны арттыра аламыз»,- дейді Қазақ құрылыс және ғылыми-зерттеу және жобалау институтының («ҚазҚСҒЗИ» АҚ) бас директоры Бегман Кульбаев.

Сондай-ақ, ол 2019 жылдың маусым айында Қазақ құрылыс және ғылыми-зерттеу және жобалау институтына ТМД елдерінің сейсмикаға төзімді құрылыс саласындағы Базалық ұйымы мәртебесі берілгенін атап өтті.

Институттың құрылыс мәселелерін, оның ішінде сейсмикалық белсенділігі жоғары аймақтарда шешу саласында 88-жылдық тәжірибесі бар, сондай-ақ құрылыс материалдарының сынауларын жүргізу үшін эксперименталдық базасы жұмыс істейді.

Қазіргі уақытта ТМД елдерінде әр түрлі салаларда 82 базалық ұйым әрекет етеді. Олардың ішінде: экономикалық салада – 29; қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласында – 20; гуманитарлық салада – 33.

Соңғы жаңалықтар